Жақында жетінші рет әке атанған әнші Төреғали Төреәлінің әйелімен бірге босануға кіргені желіде қызу талқыланды. Бірі ер адамның әйеліне серік болғаны дұрыс десе, енді бірі «дәстүрімізге қайшы» деп бағалаған. Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек те Төреғалиды қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КҮЙЕУІ ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТАДЫ
Тазабекке бір оқырманы: «Төреғали әйелінің босануына бірге кіріпті. Сол дұрыс па?»,– деп сауал жолдапты.
Мен бірден жауап берген жоқпын. Біраз ойландым. Сосын барып, айттым. Бұрын қазақтар әйелін ауылда босандырған. Соған маманданған әжелер мен жеңгелер бар болатын. Олар жанашыр еді. Олар тілектес болатын. Келінді өлтіріп алмайын, бала да аман қалсын деп жан-жақтан қаумалап тұратын. Ол жерге еркек жақындамайтын,– дейді Мұхамеджан Тазабек.
Оның айтуынша, қазір перзентханада дәрігерлердің не істеп жатқанын білмейсің. Қайта тумайтын қылып буып тастап жатыр ма? Тіліп, кесіп тастап жатыр ма?
Ыңғайсыздық туғызып еркек дәрігерлер (медбрат) кіріп шығып жатыр ма? Бөтен еркек кіріп, ыңғайсыздық туғызғаннан гөрі күйеуінің бірге, қамқор болғаны дұрыс. Күйеуі сол жердегі қауіпсіздікті, тыныштықты сақтауға ықпал етеді. Егер әрине, келін соны қалап тұрса,– дейді ол.
«ТАНЫМАЙТЫН АДАМҒА ҚАЛАЙ ТАПСЫРАСЫҢ»
Мұхамеджан Тазабектің пікірінше, күйеуінің босану бөлмесіне бірге кіргені дұрыс. Себебі баланың амандығы басты орында. Қамқорлық пен жанашырлық ең маңызды нәрсе.
Қазір балаң мен әйеліңді біреуге сеніп тапсырмақ түгіл, көлігіңді тұраққа тастап кету қауіпсіз болмай тұр. Өйткені біреу сызып, бұзып кете ме дейсің. Ал өміріңдегі қымбат жандарды танымайтын адамға қалай тапсырасың?,– дейді Мұхамеджан Тазабек.