Астанада балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кетті. Егер 2023 жылы осы себеппен қалалық балалар ауруханасына 31 бала түссе, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 63-ке жеткен. Ал былтыр зардап шеккендер саны 85 адамды құрап, оның тоғызы қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
12-ШІ ҚАБАТТАН ҚҰЛАҒАН БАЛА АМАН ҚАЛДЫ
Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасарының айтуынша, 3 жыл ішінде өлім-жітім көрсеткіші 9 есеге артқан. Негізгі қауіп тобына бір жастан бес жасқа дейінгі балалар жатады.
Биыл терезеден құлаудың екі жағдайы тіркелді, бірақ былтырмен салыстырғанда сәл ертерек басталды. Себебі, әдетте мұндай оқиғалар күн жылынып, адамдар терезе аша бастайтын мамыр айынан басталатын еді. Балалардың 10-шы, 12-ші қабаттардан құлаған кездері болды, біз ол балаларға көмектесіп, тиісті медициналық жағдай жасап, аман алып қалдық,– дейді медициналық бөлім жөніндегі орынбасар Динат Қожекенов 24 KZ арнасына берген сұхбатында.
ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАР ЖИІ ҚҰЛАЙДЫ
Дәрігердің пікірінше, мұндай биіктіктен құлаған балалардың тірі қалуы екіталай. Бірақ медицина мамандарының жедел қызмет көрсетуі арқасында балалар аман қалған.
Сондай-ақ, екінші қабаттан құлап, шетінеп кеткен жағдайлар да бар. Дегенмен, қабат неғұрлым жоғары болған сайын, баланың аман қалу мүмкіндігі соғұрлым төмендей береді,– дейді Динат Қожекенов.
Оның айтуынша, мұндай оқиғалар көбіне қараусыз қалған балалар арасында болады. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарды сақтық шараларын сақтауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға шақырады.