Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінен шыққан өрт кезінде құтқарушылардың өтуіне кедергі келтірген көліктің иесі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПОЛИЦИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, өрт сөндіру көлігінің қозғалысына кедергі келтігне көлік дереу оқиға орнынан алынып тасталған.
«Жүргізушінің кім екені анықталып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп ескертті полицейлер.
Департамент өкілдері азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін құқықбұзушылықтарға қатаң шара қолданылатынын ескертті.
ҮШ БАЛАНЫҢ ӨЛІМІ
Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар пәтер ішінен денесін күйік шалған әйелді алып шығып, жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Қазір ол №1 көпсалалы қалалық ауруханада, жансақтау бөліміне жатыр.
Өкінішке қарай, оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Тұрғындардың айтуынша, 13-пен 5 жастағы қыз және 2-дегі ұл бала ажал құшқан.
Куәгерлердің айтуынша, өрт шыққанда балалардың әкесі үйде болмаған. Тұрғындар оның көшеде жылап тұрғанын айтты.