Жанәбіловтың әйелі сотта тергеу тарапынан қысым жасалғанын айтты

Ulysmedia
коллаж Ulysmedia

Блогер Жанәбіловтер ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Бүгін Ерболат Жанәбіловтың жұбайы Эльмира Төлегеновадан жауап алынды. Оның айтуынша, тергеу курстарына сараптамасыз баға берген және күйеуіне кінәні мойындатуға итермелеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ЕШҚАНДАЙ САРАПТАМА ЖҮРГІЗІЛМЕГЕН»

Эльмира Төлегенованың пікірінше, іс материалдарында олардың оқыту платформасы іс жүзінде «жалған» деп танылған, бірақ бұған ешқандай дәлел келтірілмеген.

Тергеуші біздің курстарға баға беруді өз мойнына алған. Барлығы ашық дереккөзде бар деп айтады, бірақ іс материалдарында бірде-бір сілтеме жоқ. Ешқандай сараптама жүргізілмеген. Тек оның «курстар жалған» деген жеке пікірі ғана. Оқыту Қытай платформаларымен жұмыс істеуге негізделген, ал мұндай ақпарат ашық дереккөзде жоқ. Қалыпты жауап алулар да болмады. Бірден дайын қорытындыларды көрсетіп, Ерболатты кінәсін мойындауға итермеледі. Бізге көрсетілген сомалар шындыққа сәйкес келмейді. Біз бұған қатысты құжаттарды сұрағанда: «онда құжаттарды өздерің әкеліңдер» деді, – дейді сотталушы.

КІНӘНІ МОЙЫНДАЙДЫ, БІРАҚ БАППЕН КЕЛІСПЕЙДІ

Блогер заң бұзушылықтың бір бөлігін мойындағанын, бірақ ауыр баппен келіспейтінін айтты.

Заңды бұзғанымызды және жауапкершілікке дайын екенімізді мойындаймын. Бірақ 218-баппен келіспеймін. Оны не үшін қосқанын түсінбеймін. Мұны айту маған ауыр… көңілім қалады, – деді ол.

Осы сөздерді айтып тұрған кезде Эльмира көзіне жас алды.

КОНТЕКСТ

Блогерлерге Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. 214-бап (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бап (қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру).

Сотталушылардан жауап алу жалғасуда, кейін іс материалдары зерттеліп, жарыссөз кезеңі өтеді. Ulysmedia.kz тілшілері сот барысын бақылап отыр.

Алдыңғы тыңдалымда Ерболат Жанәбілов та жауап берген. Ол да тергеу тарапынан қысым болғанын айтып, айыптың бір бөлігін мойындаған.