Саны бар, сапасы жоқ ұстанымы түсініксіз партиялар жайлы

Ulysmedia
коллаж Ulysmedia

Саясаттанушы Арсен Сәрсеновтың айтуынша, кей партияларда идея бар, бірақ оны халыққа дұрыс түсіндіріп, жеткізе алмайды. Ал кейбірінде сырттай бәрі дұрыс сияқты көрінеді, бірақ ішінде нақты жұмыс, мазмұн жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КӨБІНІҢ ҰСТАНЫМЫ АНЫҚ ЕМЕС

Саясаттанушы Арсен Сәрсеновтың пікірінше, Қазақстандағы партиялардың жағдайы алаңдатарлық. Атап айтсақ, жалпыұлттық социал демократиялық партиясы айқын идеологиясымен ерекшеленеді. Әлеуметтік әділдік, байлықты қайта бөлу сияқты нақты бағыты анық. Бірақ халыққа танылатын, есте қалатын образы жетіспейді. Ал басқа партияларда керісінше жағдай байқалады: атауы бар, бірақ идеологиялық мазмұны әлсіз немесе мүлде жоқ.

Ақ жолда керісінше. Аты бар, бірақ нақты қандай бағыт ұстайтынын ашық айтпайды. Іс-әрекетіне қарасаң, либералды, кәсіпкерлерге жақын партия сияқты, бірақ соны нақты көрсетпейді. Ал Қазақстан халық партиясы – солшыл бағытқа жақын, бірақ өзін ашық «социалистік партиямыз» деп айтудан қашқақтайды. Ауыл – ауыл, аграрлық тақырыптарды айтады, бірақ нақты идеологиялық бағытын айқындамайды. Яғни, жай ғана “ауыл туралы партия” деңгейінде қалып қойған, – дейді саясаттанушы. 

Жалпы, партиялардың бір-бірінен нақты немен ерекшеленетінін түсіну қиын. Яғни, қайсысы қай бағытта, қайсысы кімнің мүддесін қорғайды – ашық бөлініс жоқ.

ПАРТИЯЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Жаңа құрылуы мүмкін Әділет партиясы да әзірге “әділдік, құқық, жақсы қоғам” сияқты жалпы сөздермен ғана шығып отыр. Бірақ бұл – бәріне ортақ нәрсе, нақты идеология емес. 

Сапалы бәсеке болу үшін партиялар жай ғана бәріне ортақ жақсы құндылықтарға сүйенбеуі керек. Олар нақты таңдау ұсынуы тиіс: қандай бағытты қолдайды, қандай мәселеде қай жақта, болашақты қалай көреді – соны анық айтуы қажет. Қазір болса, партиялардың көбі “жақсының бәрін қолдаймыз, жаманға қарсымыз” деген деңгейде қалып отыр. Ал сайлаушы: “Сендер басқалардан нақты немен ерекшеленесіңдер?”,– деген сұраққа жауап алуы керек, – дейді Арсен Сәрсенов. 

Айта кетейік, бұл талдауда Мәжілісте басым көпшілік орынға ие Amanat партиясы сөз болмады.

КОНТЕКСТ
Бұған дейін Қазақстанда жаңа Әділет партиясы құрылғанын жазған болатынбыз. Жақын күндері құжаттары Әділет министрлігіне тапсырылады.