Белгілі актриса, әнші Салтанат Бақаева көрермендердің театрға қызығушылығының төмендеуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗАЛ ЖАРТЫЛАЙ БОС
Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында актриса соңғы қойылымдардың бірінде залдың жартылай бос болуына қынжылыс білдірген.
«Қазіргі жастар театрға қызықпай ма? Әлде біз, театр мамандары жөнді қойылым қоя алмай жүрміз бе?... 19 сәуір күні «Зулейха» қойылымы болады, бірақ зал жартылай бос.... Осындай жағдайлар өкінішке орай сағыңды сындырады... шынайы өнер, терең ойлы спектакльдер қызық емес... Оның қасында әзілге құрылған концерттер немесе 3-4 адамды отырғызып болмашы өсектерді талқылау қызық болып кетті... Әзіл деген жақсы бірақ өмір тек әзілден тұрмайды ғой!... Театрға келуді әдетке айналдырайық!», – деп жазды Бақаева.
«ЗУЛЕЙХА» ҚАНДАЙ ҚОЙЫЛЫМ?
«Зулейха» спектаклі – театр мен кино актрисасы, әнші Салтанат Бақаеваның продюсер ретіндегі алғашқы жобасы. Қойылым белгілі жазушы Гүзел Яхинаның «Зулейха көзін ашады» романының желісімен қойылған.
Спектакльдің режиссері – Әлібек Өмірбекұлы, ал актерлік құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс пен Азамат Сатыбалды, сондай-ақ жас актер Рауан Ахмедов бар. Бас кейіпкер Зулейханың рөлін Салтанат Бақаеваның өзі сомдайды.
Авторлардың айтуынша, «Зулейха» – адам тағдыры мен өмір сынақтары туралы драмалық спектакль. Бас кейіпкер Зулейха қорқыныш пен үрейде күн кешіп, өткенінен айырылғаннан кейін, ауыр сынақтар арқылы еркіндік пен шынайы махаббаттың мәнін түсінеді. Бұл – үмітсіздіктің ортасында да жарық сәуле табуға болатынын көрсететін ерекше оқиға.
ШАЛАМЕ НЕГЕ ХЕЙТКЕ ҰШЫРАДЫ?
Соңғы жылдары театрға қызығушылықтың төмендеуі тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде де талқыланып жүрген мәселе. Мәселен, белгілі актер Тимоти Шаламе бір сұхбатында классикалық өнердің өліп бара жатқанын айтқаны үшін сынға ұшыраған еді.
«Мен балетте немесе операда жұмыс істегім келмейді… өйткені ол жерде “осы өнерді аман алып қалу керек” деген әңгіме жүреді, ал шын мәнінде қазір бұған ешкім аса қызыға бермейтін сияқты», – деген еді ол.
Шаламенің бұл сөзі өнер өкілдері классикалық өнерді менсінбеушілік деп қабылдады. Ал журналистер оның пікірін «жас аудиторияға бағытталған поп-мәдени көзқарас» деп сынады
Кейін актер балет пен опера мамандарын құрметтейтінін, сұхбат кезінде ойын дұрыс жеткізбегенін айтып ақталды.