Алматы облысында 20 жастағы Ануар Мұсаевтың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Әпкесі Тахмина Османжанқызы әлеуметтік желіде мәлімдегендей, жігітке 10-нан астам адам шабуыл жасаған. Алайда қазір қамауда тек бір ғана күдікті бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Шабуыл 12 сәуір күні Талғар ауданының Гүлдала ауылында болған. Марқұмның әпкесі Тахмина Османжанқызының айтуынша, бұл кездейсоқ жанжал емес. Жігітті 10-нан астам адам қоршап, қорғануға мүмкіндік бермеген. Ол пышақ жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
– Бізде бейнежазба бар, 30-дан астам куәгер бар. Бірақ қамауда бір ғана адам отыр. Қалғандары бостандықта жүр. Одан бөлек, отбасымызға қысым жасалып жатыр, бізді татуласу туралы құжатқа қол қоюға мәжбүрлеуде, – деді ол.
Марқұмның отбасы барлық қатысушыларды анықтап, істі әділ тергеуді талап етуде.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Алматы облыстық полиция департаменті екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ануар Мұсаевтың өліміне күдікті ретінде 20 жастағы азамат қамауға алынған.
Тағы үш адам бұзақылық дерегі бойынша ұсталған, олардың екеуі сот шешімімен үйқамаққа жіберілген. Істе кәмелетке толмаған жасөспірім де бар.
– Кәмелетке толмаған азаматқа қатысты қоғамнан оқшаулау шарасы қолданылды, – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция барлық куәгерлерден жауап алынғанын, тараптардың уәждері тексеріліп жатқанын айтты.
ТАЛҒАРДА ҚЫЛМЫС КӨБЕЙГЕН
Бұл ауданда соңғы уақытта резонансты істер көбейген. Наурыз айында Қызылқайрат ауылында болған кісі өлтіру ісі бойынша сот үкімі шыққан еді. Ер адам бұрынғы сүйіктісінің ағасын атып өлтіріп, екі жасар қызын алып кеткен. Кейін бала аман табылды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Себебі әйел бұған дейін полицияға қауіп туралы шағымданғанымен, күдікті бостандықта жүрген.
Ал 2024 жылдың күзінде Талғарда Шерзат Полат қаза тапқан. Осы істен кейін марқұмның үйінің өртенуі және туысының қаза табуы сияқты бірқатар оқиғалар тіркелген болатын.