Жанәбіловтер 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Ulysmedia
коллаж Ulysmedia

Астанада Жанәбіловтерге қатысты сот жалғасуда. Бүгін прокурор екеуін де Қылмыстық кодексінің 214 және 218-баптары бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына мүлкін тәркілеумен бірге 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

 

Сонымен қатар, Эльмира Төлегеноваға қатысты жазаны бір жылға кейінге қалдыру ұсынылды.

Ерболат Жанәбіловті ҚР ҚК 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп тануды ұсынамын. 214-бап бойынша – 2 жыл 6 ай, 218-бап бойынша – 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау. Қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеумен және мүлкін тәркілеумен. Бұлтартпау шарасын өзгертіп, сот залында қамауға алуды сұраймын,– деді прокурор. 

Ол Эльмира Төлегенованы да осы баптар бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

214-бап бойынша – 2 жыл 6 ай, 218-бап бойынша – 4 жыл. Түпкілікті – 4 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеумен. Кәмелетке толмаған балаларының болуын ескере отырып, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды ұсынамын, – деді мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев.

Бүгін сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Келесі кезеңде блогерлер соңғы сөзін айтады.

Ulysmedia.kz тілшілері сот барысын бақылап отыр.

Алдыңғы тыңдалымда Ерболат Жанәбілов жауап берген. Ол да тергеу тарапынан қысым болғанын айтып, айыптың бір бөлігін мойындаған.