Неміс армиясы және қазақ мұнайы: Ресей «Достық» құбырын неге тоқтатты?

Есдәулет Қызырбекұлы
ЖИ/Ulysmedia

Ресей «Қазақстан мұнайын «Достық» құбыры арқылы Германияға экспорттауды тоқтатты» деген ақпарат тараған тұста, Берлин «Ресей – басты қауіп» деп атап, жаңа әскери қорғаныс тұжырымдамасын таныстырды. Құжатқа сәйкес, Германия әскері НАТО-дағы одақтастарымен бірге Ресейге тойтарыс бере алатын армияға айналуы тиіс.

РЕСЕЙ ҚАУІПІ ЖӘНЕ ЖАҢА ҚҰЖАТ

22 сәуірде Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде елдің әскери қорғаныс тұжырымдамасын таныстырды. Жаңа құжатта екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германия тарихындағы алғашқы әскери стратегия және қарулы күштерді дамыту жоспары жазылған. Қарулы күштердің құрылымы мен құрамы сипатталған. Екі құжаттың да мазмұны құпия.

Писториус Мәскеу тарапынан төнетін қауіпке байланысты ескерту жасады. Оның айтуынша, Ресей қайта қарулану арқылы НАТО-мен әскери қақтығысқа дайындалып жатыр және әскери күш қолдануды өз мүдделерін ілгерілетудің заңды құралы ретінде қарастырады.

Ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, кемінде 460 мың неміс әскері одақтастарымен бірге Ресей тарапынан болуы мүмкін агрессияға қарсы тұруға қауқарлы болуы тиіс.

– Біз Бундесверді Еуропадағы ең қуатты армияға айналдырамыз. Қысқа мерзімде қорғаныс қабілетімізді арттырамыз, орта мерзімде әлеуетті айтарлықтай күшейтеміз, ал ұзақ мерзімде технологиялық басымдықты қамтамасыз етеміз, – деді ол.

Бұған дейін Ресей президент Владимир Путин бірнеше мәрте «Ресей НАТО немесе Еуроодақ елдеріне шабуыл жасамайды» деп мәлімдеген. Ол бұндай болжамдардың барлығын ақылға қонымсыз долбар деп атаған.

ТОҚТАҒАН МҰНАЙ ТАСЫМАЛЫ

Бір күн бұрын Reuters агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, «Ресей «Достық» құбыры арқылы Қазақстан мұнайын Германияға жеткізуді 1 мамырдан бастап тоқтатпақ» деп хабарлады. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұнай экспортын тоқтатудан хабары жоғын айтып, «Тексеріп көруге тырысамыз» деді баспасөз брифингінде.

МИНИСТРДІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бүгін Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Ресей Қазақстанға «Достық» құбыры арқылы мұнай экспорттауды тоқтататынын ресми түрде хабарлаған жоқ» деп мәлімдеді. Оның өзі де бұл ақпаратты бейресми дереккөздерден естіген.

– Бұл ақпаратты (Ресейдің мұнай тасымалдауды тоқтататынын - ред.) бейресми дереккөздер арқылы алдым. Ресей Федерациясы жағынан ресми мәлімдеме әзірге келген жоқ. Бірақ бейресми дереккөздер арқылы біз мұның шын екенін білеміз, – деді ол.

Министр мұнай тасымалының тоқтатылуын «Ресей инфрақұрылымына жуырда жасалған соққылармен байланысты болуы мүмкін» деп топшылады.

Оның айтуынша, мамыр айында «Достық» құбыры арқылы Германияның Шведт қаласына мұнай тасымалдау жоспарланбаған. Жалпы екінші тоқсанда бұл бағыт бойынша мұнай тасымалданбаған. Алайда техникалық мәселелер шешілгеннен кейін мұнай транзиті жалғасады.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев «ресми хабар келген соң, мәселені Ресей тарапымен бірге талқылап, бір шешімін табамыз» деді.

“ДОСТЫҚ” ҚҰБЫРЫ

2025 жылы Қазақстан «Достық» құбыры арқылы Германияға 2 миллион тонна мұнай экспорттаған. 2024 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 44 пайызға көп.

Германияға мұнай «Достық» құбырының солтүстік тармағы арқылы тасымалданады. Ол Польша аумағын басып өтеді. Бұған дейін де Украин дрондарының құбырға шабуылы салдарынан тасымал тоқтаған кездер болған.

Ресей Украинаға басып кіргелі Германия Ресей мұнайын алуды тоқтатып, ішінара Қазақстан мұнайын сатып алып жүр. Қазақстан билігі кейінгі жылдары Германияға мұнай экспортын арттыру қажеттігін айтып келеді.