Димаштың халықаралық жобасында әнші ӘMRE-нің інісі жеңіске жетті

Анар Лепесова
Dimashnews.com

Қытай телеарнасынан көрсетілген халықаралық «Voice Beyond Horizon» музыкалық жобасында қазақстандық  әнші Нұржас Садырбаев топ жарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕЗОНАНС ТУДЫРҒАН ЖОБА

Dimashnews.com хабарлауынша,  өнерпаз байқауда жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, «Даңқ жұлдызы» атағына лайық деп танылды.

Қытайдың медиа кеңістігінде нағыз резонанс тудырған халықаралық шоу Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің тікелей бастамасымен және атқарушы продюсерлігімен жүзеге асырылды. Hunan TV телеарнасының мәліметінше, бағдарлама рейтинг жағынан көш бастаған. Стримингтік платформалардағы тікелей эфирлердің жалпы қаралымы 102 миллионнан асты. Әлеуметтік желілерде жоба төңірегінде 143-тен астам тренд тақырып қалыптасты.

Жобаның географиясы ауқымды болды.Түркістан қаласында бастау алып, Ақтау мен Алматыда жалғасып, Астана қаласында салтанатты түрде қорытынды жасалды.

Байқауға Қытай, Қазақстан, Малайзия, Сербия, Италия және Қырғызстаннан келген 8 өнерпаз қатысты. Олар тек өнер көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның киелі жерлерін аралап, халқымыздың бай мәдениетімен, тарихымен танысты.

МИНИСТРДІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Нұржас Садырбаевтың жеңісіне жоғары баға беріп, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жылы лебізін білдірді.

«Қазақстандық талантты әнші Нұржас Садырбаевты «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Нұржастың таланты, еңбегі мен сахнадағы шеберлігі әлемнің әр елінен келген қатысушылар арасында ерекше танылып, лайықты түрде жоғары бағаланды. Қазақ өнерінің көкжиегі кеңейе берсін!», – деп жазды министр.

ӘМРЕНІҢ ІНІСІ

Нұржас Садырбаев  – “ӘMRE” лақап атымен танылған белгілі қазақстандық әнші Ернар Садырбаевтың туған інісі. Бұл туралы әнші Instagram парақшасында жазған болатын.

“Димаш Құдайбергеновке және өзімнің туған інім Нұржас Садырбаевқа шын жүректен тек сәттілік тілеймін. Биік белестерді бағындырып, әрдайым ең жоғары тұғырлардан көріне берсін демекпін. Мен бауырымның осындай халықаралық деңгейдегі үлкен жобада өнер көрсетіп, биік сахнада жүргеніне ерекше қуанамын”, – деп жазды Ернар Садырбаев ақпанда.