Қарсылық пен үнсіздік: Жанәбіловтерге қатысты танымал блогерлер не дейді

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптау тарапы ерлі-зайыптылардың әрқайсысын 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Ulysmedia.kz бұл процестің қалайша «курсқа билет ойнату» оқиғасынан ақшаны жылыстату бойынша қылмыстық іске айналғанын, сондай-ақ Instagram-дағы табысы тұрақты көрінген танымал блогерлердің неліктен «үнсіз қалғанын» анықтап көрді.

Мінсіз өмір көірінісінен сот залына дейінгі жол

Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова — Қазақстандағы блогерлер сегментінде өзін-өзі қалыптастырған (self-made) тұлғалардың классикалық үлгісі. Екеуінің жалпы аудиториясы 15 миллионнан асады. Олардың контенті — мінсіз өмір көрінісі: үш бала, люкс санатындағы автокөліктер, саяхаттар және үздіксіз ұйымдастырылатын ұтыс ойындары.

Дәл осы «гивтер» (giveaway) билік органдарының назарын аударған негізгі факторға айналып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылар «инфокурсқа» (құны 20–40 мың теңге аралығында) жазылу арқылы іс жүзінде лотерея билетін сатып алу жүйесін ұйымдастырған. Ұтысқа пәтерлер, iPhone 16 смартфондары және жеңіл автокөліктер қойылған.

Прокурорлардың пайымдауынша, бұл — заңсыз лотерея қызметі болған, ал 247,5 миллион теңге көлеміндегі табыс қылмыстық жолмен алынған және ол Lamborghini көлігі мен элиталық жылжымайтын мүлікті сатып алу арқылы «заңдастырылған».

Сот сөйлеген сөзінде Ерболат Жанәбілов көзіне жас алды. Ол 12 жыл бойы салық төлеп келгенін алға тартты.

— Біз 12 жыл бойы салық төлеп келдік. Егер әкімшілік сотта бұл әрекетке тыйым салынатынын айтқанда, біз жай ғана айыппұл төлеп, тоқтар едік, – деді ол.

Бірақ іс бірден Қылмыстық кодекстің ауыр баптары бойынша қаралған.

“Нарыққа берілген белгі”

Танымал PR-маман әрі медиа-менеджер Әлішер Елікбаевтың сөзінше, мемлекет «күш қолдану монополиясын» саналы түрде пайдаланып, ойын ережелерін түбегейлі өзгертуге тырысып отыр.

— Бұл соншалықты әділетсіз әрі дұрыс емес жағдай, менің ойымша, олар сәл «шектен шығып кетті». Мемлекеттің күш қолдануға монополиясы бар және ол осы құқығын күтпеген жерден осылай пайдалануды шешті. Меніңше, бастапқы кезеңде келісімге келуге мүмкіндік болған. Бірақ іс көпшілік алдына шығып, оған тым көп назар аударылған соң, олар нарыққа сабақ беру үшін осындай қадамға барды, — дейді Елікбаев.

Ол бұны Ресейдегі жағдайлармен байланыстырады. Билік танымал блогерлерді бірінен соң бірін жауапкершілікке тартып, «охота на ведьм» науқанын жариялағанын айтады.

Елікбаевтың пікірінше, жылдар бойы реттелмеген саладағы экономикалық құқықбұзушылықтар үшін адамдарды 4 жылға соттау — шектен тыс жаза.

— Ресейде не болып жатқанын түсінесіздер ғой? Аяз Шабудинов, Елена Блиновская, Лерчек... Бізде неге екені белгісіз, шетелдегі ең жақсы тәжірибелерге емес, дәл бір бағытқа қарап бағдар ұстайды. Бұл — нарыққа берілген белгі: «жiгiттер, артық көзге түспеңдер, әйтпесе сендерді де дәл осындай тағдыр күтіп тұр». Егер Жанабыловтар соттасып, қарсылық көрсетемін десе, онда оларды барынша қатаң жазалап, өзгелерге сабақ болатындай ету керек деген ұстаным қалыптасқандай. Басқаларға да сұрақ туындаса, қарсы шықпау үшін осылай жасалып отыр, — дейді ол.

Елікбаев қазір қалыптасқан инфобизнес форматын да қорғай сөйледі.

— Ара жігін ажырату керек: егер бұл лотерея билеті болса — онда оған мемлекеттің монополиясы бар. Бірақ барлығы курстар сатты, бұл қалыпты тәжірибе, оған бәрі қатысты. Мобилография курстары мыңдаған жасқа табыс табуға мүмкіндік беріп отыр, маркетинг, PR бойынша курстар да солай. Жалпы инфобизнестің өзінде тұрған ештеңе жоқ. Енді келіп, оны лотереяға теңестіріп отыр. Он көлік ойнату бәрін таңғалдырды, бірақ бұл ешқашан адамдарды 4 жылға соттап, бүкіл мүлкін тәркілейтіндей ауыр іс ретінде қарастырылмаған, — дейді ол.

Сотқа қатысты ең жиі қойылып жатқан басты сұрақтардың бірі — неге дәл осы Жанәбіловтар? Қазақстанда осыған ұқсас «гивтер» үшін жауапкершілікке тарту жағдайлары бұған дейін де болған. Бірақ олар айыппұл төлеумен шектелген:

  • Supermamasita (Әлия Байтугаева): 2020 жылы осыған ұтыс ойындар мен лотерея қызметі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, шамамен 800 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.
  • Басқа блогерлер: Нұрбек Нұртаза және Дархан Жолшыбеков сотта өз курстары Жанабыловтардың курстарымен бірдей болғанын мойындағанымен, әзірге іс бойынша тек куәгер ретінде өтіп жатыр.

“Жазаны әділ деп есептеймін”

Заңгер Айгүл Орынбек Әлішер Елікбаевтың пікірімен келіспейді. Ол үлкен аудиторияға ие блогерлерге қатаң жаза қолдануды қолдайды. Заңгер оларды басты манипуляторлар деп есептейді

— Мен мұндай блогерлерді қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушылармен бір қатарға қоямын. Жазаны әділ деп есептеймін, себебі осындай «инфоцыгандардың» әрекетінен құқықтық тұрғыдан сауаты төмен мыңдаған қазақстандық зардап шегеді. Олар ұтып аламын деген үмітпен соңғы ақшаларын алаяқтарға береді, — дейді Орынбек.

Заңгердің пікірінше, блогерлер туралы заң енді іс жүзінде нақты жұмыс істеуі тиіс: «Бір блогер жазаланса, қалғандары қорқа бастайды».

“4 жыл — тым ауыр жаза”

Тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан бұл мәселеде барынша адамгершілікпен қараған дұрыс дейді. Оның өзі де инфобизнеспен айналысады және авторлық курстар сатады. Оның сөзінше, Instagram-дағы танымалдылық пен нақты бизнес арасындағы алшақтыққа назар аудару қажет.

— Олар тәуекелді есептеп отыратын кәсіби бизнесмендер емес. Мұндай тәуекелдерді жай ғана байқамаған. 4 жыл — тым ауыр жаза. Олар ешкімді өлтірген жоқ. Меніңше, олар заң алдында айыппұлмен, қаржылық жауапкершілікпен жауап бере алар еді, бірақ бас бостандығынан айырумен емес, — дейді Сәтжан.

Ұтыс ойындарының этикалық жағына келгенде Динара Сәтжан нақты баға бере алмады. Ол тек «Бұрын бұл тыйым салынған нәрсе емес еді, заң бір-екі жыл бұрын өзгертілді» деп қысқа қайырды.

Блогерлердің үнсіздігі 

Ulysmedia Жанәбіловтар ісіне байланысты пікірін білу үшін «гивтер» ұйымдастыратын және курстар сататын өзге де танымал блогерлерге хабарласып көрді. Атап айтқанда, Карина Оксукпаева мен оның жұбайы Арман Юсуповқа, сондай-ақ Айжан Байзаковаға қайырылды.

Сондай-ақ Бейбит Әлібековке де хат жолдады. Ол да хабарламаларға жауап бермей, қоңырауларды қабылдамады. Материал жарияланған сәтте олардың ешқайсынан жауап келмеді.