«Өмірлік сабақ болды»: Жанәбіловтер прокурормен мәмілеге келуі мүмкін

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Блогер Эльмира Төлегенова соттағы соңғы сөзінде өзін және жолдасын бостандығынан айырмауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОҢҒЫ СӨЗ

Сөз сөйлеу кезінде айыпталушы көзіне жас алып, болған жайт үшін жауапкершілікті толық түсінетінін айтты.

«Болған оқиғаға қатысты жауапкершілікті толық түсінеміз. Бұл біз үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Бас бостандығымыздан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймыз», – деді ол.

Сот кеңесу бөлмесіне кетер алдында айыпталушы өтініш білдіріп, процессуалдық келісім жасауға ниетті екенін жеткізді.

«Өз құқығымды пайдалана отырып, сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдіремін. Оның барлық шарттары мен салдары бізге түсіндірілді», – деп қосты блогер.

Сот үзіліс жариялады. Осы уақытта қорғаушы мен прокурор келісімнің шарттарын нақтылауы тиіс.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Еске салсақ, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты аталған жұпқа қатысты әкімшілік істі қараған. Заңсыз лотерея өткізу дерегі бойынша іс тоқтап, қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты материалдар экономикалық тергеу департаментіне жолданған.

Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты сенімге кіріп, заңсыз табыс тапқан.

Бұған дейін Төлегенова денсаулығының нашарлауына байланысты сот отырысына келе алмаған. Адвокаты  сотқа медициналық анықтама ұсынды.

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.