Аллергия ма, әлде күннің әсері ме? Көктемде көз неге қызарады

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Көктемде өсімдіктердің гүлдеуі, ауа райының құбылуы және ультракүлгін сәуленің күшеюі көз ауруларының көбеюіне әсер етеді. Дәл осы кезеңде аллергиялық және қабыну процестері жиілеп, поллиноз белгілері күшейеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz «Известия» басылымына сілтеме жасап.

ГҮЛ ТОЗАҢЫНАН САҚТАНУ КЕРЕК

Офтальмолог дәрігері Айгүл Отхозорияның айтуынша, көздің жай-күйінің нашарлауына негізгі себептердің бірі – өсімдік тозаңы. Ол далада жүрген кезде көздің шырышты қабығына түсіп, қышу, қызару және жас ағуын күшейтеді.

Гүлдену кезеңінде серуендегенде тозаң көзге тікелей түседі. Сондықтан мүмкіндігінше терезені жабық ұстау, ал сыртқа шыққанда күннен қорғайтын көзілдірік тағу керек. Көктемде ең жиі кездесетін ауру – аллергиялық конъюнктивит. Оның белгілеріне көздің қышуы, қабақтың ісінуі, жас ағу жатады. Кей жағдайда бұл белгілер мұрынның бітелуі мен түшкірумен қатар жүреді,– дейді дәрігер.

Сонымен қатар, осы кезеңде вирустық конъюнктивит жағдайлары да көбейеді. Мамандардың айтуынша, көп адам оны аллергиялық түрімен шатастырып жатады. Бұл дер кезінде дұрыс ем қабылдауға кедергі келтіріп, нақты диагноз қоюды талап етеді.

Дәрігерлердің ескертуінше, кератоконъюнктивит те ерекше қауіпті. Бұл кезде қабыну тек көздің шырышты қабығын ғана емес, қасаң қабықты да зақымдайды. Ауру жарыққа қатты сезімталдықпен және көздің қатты ауыруымен қатар жүруі мүмкін.

«ӨЗІ ЖАЗЫЛЫП КЕТЕДІ ДЕП КҮТПЕ» 

Көктемде аллергия мен вирустардан бөлек, ультракүлгін сәуленің әсерінен туындайтын фотокератиттің қаупі де артады. Бұл – көздің қасаң қабығының зақымдануы. Күн астында қорғанышсыз ұзақ жүру көздің ашуына, ауырсынуына және жарыққа сезімталдықтың күшеюіне әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, осы мезгілде «құрғақ көз» синдромы да жиі асқынады. Оның пайда болуына жел, тозаң, ауа температурасының құбылуы және бөлме ішіндегі құрғақ ауа әсер етеді.

Айгүл Отхозорияның пікірінше, тұрақты жайсыздық белгілері байқалса, оны елемеуге болмайды. Яғни, «өзі жазылып кетеді» деп күтпей, дер кезінде дәрігерге қаралу маңызды. Ерте диагностика емді дұрыс таңдауға және асқынудың алдын алуға көмектеседі.

Маманның кеңесі: 

  • ультракүлгін сүзгісі бар күннен қорғайтын көзілдірік тағу
  • бөлме ауасын ылғалдандыру
  • гүлдеу кезеңінде тозаңмен байланысты барынша шектеу

Бұл қарапайым сақтық шаралары көзді қорғауға көмектеседі. 

АЛЛЕРГИЯНЫ ЖЕҢІЛДЕТУ ЖОЛЫ

Мамандар қазіргі медицинада аллергия белгілерін жеңілдететін тиімді дәрілер бар екенін айтады. Олар иммунитетті әлсіретпейді және ағзаға ауыр әсер етпейді. Мысалы:

  • арнайы аллергияға қарсы препараттар
  • көзге арналған тамшылар мен мұрынға спрейлер
  • анти-IgE сияқты заманауи дәрілер

Бірақ дәріні өз бетінше емес, дәрігер кеңесімен қолданған дұрыс.

АЙҚАСПАЛЫ АЛЛЕРГИЯ ДЕГЕН НЕ?

Көп адам біле бермейтін тағы бір нәрсе – айқаспалы аллергия. Яғни, тозаңға аллергиясы бар адам кейбір тағамдарға да реакция беруі мүмкін.

Мысалы:

  • алма, алмұрт сияқты жемістер
  • жаңғақтар
  • бал

Себебі олардың құрамындағы ақуыздар тозаңға ұқсас келеді.