Мемлекеттік жаңа бағдарламалар қабылданып, өңірлерде психологиялық көмек орталықтары ашылып жатқанына қарамастан, Қазақстанда балалар суицидінің саны азаймай отыр. Керісінше, былтыр бұл көрсеткіш 13,7%-ға өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СТАТИСТИКА ҚАНДАЙ?
Finprom зерттеуі бойынша, 2025 жылы Қазақстанда 199 бала мен жасөспірім суицид жасаған. Тағы 405 кәмелетке толмаған бала өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 13,7%-ға көп.
Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 52 бала қайтыс болған, 92 бала суицидке әрекет жасаған. Аталмыш көрсеткіштер мәселенің жүйелі түрде шешілмей отырғанын дәлелдейді.
КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ҚЫСЫМ
Сарапшылардың айтуынша, қоғамда бұл мәселеге қатысты екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Бір жағынан, көпшілік балаларға қол көтеру дұрыс емес екенін түсінеді. Бірақ екінші жағынан, кейбір ата-аналар «тәртіп үшін ұруға болады» деген пікірді әлі де қолдайды. Осындай қайшылықтың салдарынан балаға көрінбейтін, бірақ қатты әсер ететін психологиялық қысым қалыптасады.
Мәселе тек ұрып-соғуда емес. Көп жағдайда зорлық-зомбылықтың жасырын түрлері кездеседі. Мысалы, баланы үнемі кемсіту, сынау, қорқыту, телефон, хат-хабарын бақылау, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік бермеу, тамақ немесе киім арқылы жазалау суицидке әкелуі мүмкін.
Осындай жағдайлар баланың психологиясына ауыр соққы болып тиеді. Нәтижесінде бала мен ата-ана арасындағы сенім әлсірейді. Ең қауіптісі – бала қиындыққа тап болғанда отбасынан қолдау таппайды. Яғни, оның «қауіпсіз тірегі» болмайды.
Қазақстан қоғамдық даму институтының зерттеуіне сәйкес, әрбір үшінші адам (шамамен 37%) бала кезінде отбасында психологиялық немесе физикалық қысым көрген. Ал солардың ішінде әрбір оныншысы (10,3%) өмірден кету туралы ойлаған немесе соған әрекет жасағанын айтқан.
Бұл деректер бір нәрсені анық көрсетеді: ресми статистикада көрінбейтін, бірақ шынайы өмірде бар проблема әлдеқайда үлкен. Баланың жан дүниесіне әсер ететін қысым әрдайым көзге көрінбейді, бірақ оның салдары өте ауыр болуы мүмкін.
ҰЛДАР СУИЦИДКЕ БЕЙІМ
Былтыр өз-өзіне қол жұмсағандардың ішінде ұлдар саны қыздарға қарағанда 2,2 есе көп болды: 136 ұл, 63 қыз.
Ең маңызды жайт – суицид жасаған балалардың басым бөлігі толық отбасында өскен. Мысалы, 136 ұлдың 120-сы, ал 63 қыздың 53-і әкесі мен анасы бар отбасында тәрбиеленген. Толық емес отбасындағы көрсеткіш айтарлықтай төмен.
Ал жетім балалар арасында мұндай жағдайлар өте сирек тіркелген. Бұл қолдау жүйесі жақсы жұмыс істеуі мүмкін немесе ресми деректер толық болмауы ықтимал екенін көрсетеді.
Суицидке әрекет жасау бойынша жағдай керісінше: қыздар көбірек – 288 қыз, 117 ұл. Бірақ мұнда да көпшілігі толық отбасында өскен: ұлдардың үштен екісі, қыздардың шамамен 66%-ы.
Яғни, мәселе тек отбасының бар-жоғында емес, оның ішіндегі психологиялық ахуалда жатыр.
СУИЦИД СЕБЕБІ
Зерттеулер көрсеткендей, басты проблема – ата-ана мен бала арасындағы сенімнің әлсіреуі. Сырт көзге «дұрыс» көрінетін отбасылардың ішінде эмоционалды алшақтық болуы мүмкін.
Баланың мәселесі еленбеген сайын, ол жалғыздықты тереңірек сезінеді. Ал бұл – суицидтік ойлардың негізгі триггерлерінің бірі.