Сәрсемәлиев бұрынғы әйелінің туыстарын қалай өлтіргенін көрсетті

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Атырауда Жангелдин ауылында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасуда. Сот отырысында алқабилерге тергеу әрекеттері кезінде түсірілген жаңа бейнежазбалар көрсетіліп, сондай-ақ сот-медициналық және психологиялық сараптамалардың қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Егер тоқтасам, өзім өлетін едім»

“Ақ Жайықтың” жазуынша, бейнежазбалардың бірінде Сәрсемәлиев бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалин мен енесі Нәсіп Өтешқалиеваны қалай өлтіргенін тергеушілерге айтып береді.

Оның сөзінше, шабуыл алдында асүй пышағын алдын ала дайындап, сарайдағы үстелдің үстіне қойған. Әйел бұрылған сәтте оның мойны мен кеуде тұсына пышақ сұққан.

– Егер мен қазір тоқтасам, өзім өлемін, балаларымды алып кетеді, бәрі бітеді, – деген ол қылмыстың қалай жасалғанын баяндаған кезде.

Тағы бір бейнежазбада Сәрсемәлиев Мақсот Қарабалинді де әдейі өлтіруге барғанын айтқан.

– Мен жай жүрген жоқпын, қасақана кісі өлтіруге бара жаттым. Бұл оңай емес, – деген ол.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстан кейін мәйіттер сарайға көмілген. Ал күдікті пышақты жуып, өзімен бірге алып кеткен.

Сараптамалар не көрсетті?

Сот барысында қаза болғандарға жүргізілген сот-медициналық сараптама қорытындылары да зерттелді.

Сарапшылардың мәліметінше, Мақсот Қарабалиннің денесінен тоғыз пышақ жарақаты анықталған, оның үшеуі өлімге себеп болған, Нәсіп Өтешқалиеваның денесінде де тоғыз пышақ жарақаты болған. Өлім себебі – көп қан жоғалту. Наурыз Мұқанғалиевтің денесінен он пышақ жарақаты табылған. Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ салынған. Жүрегі, өкпесі, бауыры мен көкбауыры зақымданған.

Сот-психологиялық сараптама Сәрсемәлиевтің өз әрекеттерін толық түсінгенін және физиологиялық аффект жағдайында болмағанын көрсетті.

Тергеу тағы нені анықтады?

Сот жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін де қарады. Айыптау тарапының мәліметінше, Сәрсемәлиевтің, оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның және бірнеше марқұмның телефон нөмірлері әр кезеңде бірдей жерде Жангелдин ауылында Мұнайшы ықшамауданында және Шымкент қаласында тіркелген.

Сондай-ақ сотта өткен жылдың желтоқсанында Ақбаян Мұқанғалиеваға деменция диагнозы қойылғаны белгілі болды. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, ол өз әрекеттеріне толық баға бере алмайды және қамқоршы тағайындауды қажет етеді.

Істің мән-жайы

Тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылдың көктемінде Ақбаян Мұқанғалиеваның ағасы Наурыз Мұқанғалиев өлтірілген. Кейін Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының ата-анасын, одан соң Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірген деп айыпталуда. Алдыңғы сот отырыстарының бірінде Сәрсемәлиев төрт адамды өзі өлтіргенін мойындаған.

Келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленген. Онда айыпталушының тергеу кезінде берген жауаптары әрі қарай зерттеледі.