Әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны Қазақстанды «жексұрын мемлекет», Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды «ақымақ», «ауылдан келген» деп тіл тигізген. Осы сөздерден кейін оның жұмыстан қуылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап.
«ЖЕКСҰРЫН МЕМЛЕКЕТТЕГІ ЖЕКСҰРЫН»
Виолетта Паршина есімді желі қолданушысы Threads желісіндегі пікірлерде Желтоқсан оқиғасына қатысқандар туралы жазбаның астына «ақымақ», «ауылдан келгендер» деп жазып, тағы бір жазбаға «жексұрын мемлекеттегі жексұрын» деп жазып кеткен.
Желідегі жазбадан кейін қазақстандықтар жаппай мемлекеттік органдарға жүгініп, әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша жауапкершілікке тартуды талап ете бастаған. Бұл бап әлеуметтік және ұлттық араздықты қоздыру үшін жаза қарастырады.
ДИРЕКТОРЛЫҚТАН АЛЫП ТАСТАДЫ
Артынша әйелдің Алматыдағы жарнама агенттігінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Қазақстандықтар аталған жарнама компаниясына қызметкерінің жазбасы үшін теріс пікір қалдырған. 2GIS сервисіндегі компанияның рейтингі бір тәулік ішінде күрт төмендеген.
Компания өкілдері даулы мәселеден кейін Виолетта Паршина жұмыстан шығарылғанын және ұйымға ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлады. Бұған дейін ол директор қызметін атқарған.
Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаға қатысты жауап бермеген.
Еске сала кетсек, бұған дейін астаналық әйел тик-токта ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін сотталған болатын.