Елімізде 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР БЮДЖЕТКЕ ҚАНША ТЕҢГЕ ҚҰЙДЫ?
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөзінше, шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін арттырып, Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру көзделіп отыр.
Ал шетелдік түлектерді тарту үшін «Study in Kazakhstan» атты бірыңғай цифрлық платформа іске қосылған.
«Осы жылы да шетелдік студенттер көп болады деп болжап отырмыз. Таяу Шығыстағы жағдайда бұған ықпал етіп жатыр. Оқуын ауыстыру, қайта оқуға түсуге қатысты сұранымдар көбейді. Осы жылы халықаралық студенттермен жұмыс істеу арқылы 22 млрд теңге тарттық», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
ОЛАР ҚАЙ ЕЛДЕРДЕН КЕЛГЕН?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025-2026 оқу жылының басында елдегі ЖОО-ларда 33,5 мың шетелдік студент оқыған. Бұл былтырмен салыстырғанда 17,7%-ға көп. Олардың басым көпшілігі Түрікменстан, Үндістан, Өзбекстаннан келген.
Министр соңғы жылдары елімізде жетекші шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы ашылғанын да еске салды. Бұл өз кезегінде қаржының шетелге кетуін азайтып, дарынды жастарға елден шықпай-ақ сапалы білім алуға мүмкіндік береді.