Астананың Орталық саябағында балалар отырған аттракцион құлап түсті. Ақпаратты Нұра ауданының полиция департаменті растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Болған оқиға туралы қала тұрғыны әлеуметтік желіде жазды. Оқиға кезінде аттракционда оның екі баласы болған. Әйелдің айтуынша, карусель бірнеше айналым жасап, кейін сынып, жерге құлаған.
Демалыс күні болған соң екі қызымды алып, жолдасым төртеуміз Орталық паркке келдік. Сағат 17:10 кезінде қыздарымызды аттракционға отырғыздық. 2-3 айналған соң қыздар отырған кабина темірінен үзіліп түсті. Көз алдымда балаларымды езіп кете жаздады, – деп жазды анасы.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Полиция мәліметінше, аттракцион операторы келушілер отырған кабина құлағанын өзі хабарлаған. Құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп жатыр.
Кабина аспалы құрылымның бекіткішінен ажырап кеткен. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар тиісті уәкілетті органдарға шара қабылдау және аттракциондардың қауіпсіздігін тексеру үшін жолданады, – делінген хабарламада.