Астанадағы жерүсті метросының толық іске қосылуына шамамен екі аптадай уақыт қалды. Заманауи пойыздар қазірдің өзінде сынақ режимінде станциядан станцияға қатынап жүр, тіреу бағандары жаңадан боялған. Алайда эстакадалардың астында ойылған жер, қоқыс пен бүлінген тротуарлар көзге түседі. Ulysmedia.kz тілшісі метроның қозғалысын бақылап, дайындығына шолу жасап қайтты.
АСТАНАҒА РОМАНТИКАЛЫҚ РЕҢК БЕРДІ
Жеңіл рельсті метроның іске қосылуы Астанаға өзіндік бір романтикалық реңк берді. Пішіні жылтыр кәмпиттей жұмырланған пойыздар аспанға таяу биіктікте рельс бойымен сырғып, алыстан өте әсерлі көрінеді.
Алайда маршрутқа үңілген сәтте бұл тартымдылықтың бір бөлігі сейіле бастайды. Сынық сызық, дәлірек айтқанда, тұйықталмаған трапеция Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен Нұрлы жол вокзалы аралығын байланыстырады. LRT бағыты әуежайдан Қабанбай батыр даңғылы бойымен түзу жүріп, көшемен бірге доғал бұрыш жасап иілетін айналмаға келіп тіреледі.
Одан әрі жерүсті метро Mega Silkway сауда ойын-сауық орталығы жанынан өтіп, осы маңда станцияға аялдайды. Бұдан кейін Қабанбай батыр даңғылы бойында тағы бірнеше станция бар, содан соң LRT Сығанақ көшесімен түйісіп, сол көшеге қарай біршама күрт, жұмырланғанымен тік бұрышпен бұрылады.
Әрі қарай ол ұзын түзу бағытпен қозғалып, Есіл өзенін автомобиль көпірімен қатарласа кесіп өтіп, Қалдаяқов көшесіне шығады. Содан кейін біраз уақыт бойы автожолмен қатар жүрмей, жеке үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер аралас салынған аудандар арқылы өздігінен жалғасады. Тек осы ұзын «жебенің» соңында ғана маршрут Нұрлы жол вокзалына қарай иіледі.
БАҒЫТ ЫҢҒАЙЛЫ МА?
LRT құрылысы жоспарланған кезде жоба авторлары мұндай біртүрлі бағытты туристер үшін ыңғайлы болады деп түсіндірген: вокзалдан бірден әуежайға немесе керісінше қатынау жеңіл болады деген уәж айтылған. Алайда туристер ағыны жаппай сипат алмады, ал қала тұрғындары үшін бұл бағыт айтарлықтай ыңғайлы емес.
Нәжімеденов көшесі маңында тұратындар үшін («Нұрлы жолға» жақын, Қалдаяқов көшесіне параллель) әуежайға LRT-мен бару аса қолайлы емес. Такси шақырған әлдеқайда оңай - әрі тез, әрі жайлы, - дейді такси жүргізушісі Ильзат.
Біз бір-бірінен алшақ орналасқан екі станция арасында келе жатқанда, ол бәсекеден мүлде қауіптенбейтінін айтады. Оның пікірінше, такси жолаушылары жерүсті метроға жаппай ауыса қоймайды.
Маршрут мәселесіне қатысты астаналықтар да әлеуметтік желілерде пікір білдіруде.
«Маған күнде вокзалдан әуежайға қатынаудың не керегі бар? Әрине, күн сайын солай жүремін ғой», – деп мысқылдайды бір қолданушы жаңа көлік іске қосылатыны туралы жазба астында.
Facebook-тағы «Астана. Что? Где? Когда?» парақшасында тағы бір оқырман да сын айтады:
«Саяжайда тұратындарға ғана тиімді шығар. Жалпы, қолайсыз бағыт: вокзалдан әуежайға кім қатынайды?»
Шынында да, астаналықтардың жайлы такси мен қалыптасқан автобус бағыттарынан бас тартып, станцияға барып, өздеріне дәл келмейтін бағыттағы пойызға мінуі екіталай. Демек, жерүсті метро жүретін бағыт бойында жол жүктемесі айтарлықтай азая қоймайды.
МЕТРОНЫҢ ГҮРІЛІ МЕН ШУЫ
LRT желісі өтетін үйлердің тұрғындары жаңашылдыққа әртүрлі қарайды. Адамдар камера алдында ашық пікір айтуға аса құлықты емес, көбіне «шұғыл шаруам бар» деп асығып кетеді.
Көлік жолының шуы мына пойыздан қаттырақ, – дейді автобусқа мініп бара жатқан егде жастағы әйел.
Бір топ жасөспірімнен де жерүсті метроның іске қосылуын күтіп жүрген-күтпегенін сұрадық.
Күтіп жүрміз, тезірек іске қосылса екен. Мініп көргіміз келеді! Дыбысы ғарыш кемесіндей, - дейді олар. Тіпті өздері мен достарына ғана таныс ғарыш кемелерінің «маркасын» да атап өтті.
Ал арба сүйреген әйел үшін «ғарыш романтикасы» емес, күнделікті жайлылық маңызды.
Үйіміздің дәл қасынан өтетін LRT-ға көңілім толмайды. Шуын естіп тұрсыз ба? Қазір бос пойыз, ал жолаушымен одан да қатты гүрілдейді. Кешке ұйықтатпайды, – деп шағымданады ол.
Аялдамадағы әйелдер пойыздың дыбысы нені еске түсіретінін талқылап тұр. Бірі көршінің кір жуғыш машинасына ұқсатады, енді бірі паркингтегі желдеткіштің үніне теңейді. Қалай болғанда да, кейбірі оны «әндетіп тұр» десе, енді бірі «мырылдап тұр» деп сипаттайды.
Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары LRT дыбысы мен жалпы инфрақұрылымына қатысты пікірлерін ашық айтып жатыр. Facebook-тағы «Астана. Что? Где? Когда?» паблигінде бір қолданушы жаңа көліктің тұрғын үй бағасына әсер етуі мүмкін екенін алға тартады.
Жақын арада әуежайдан жаңа вокзалға дейін толық құрамдар жүре бастайды. Қаланың тағы бір көрікті нысаны болайын деп тұр. Бірақ мәселе басқа: LRT-ның шуы жыл бойы болады. Салдарынан LRT бойындағы тұрғын үй кешендеріндегі (эконом, бизнес, элит – бәрібір) пәтер иелері үйлерін жаппай сатуға кірісіп кетпей ме? – деп сұрақ қояды ол.
Ал Жеңіс Қасымбектің Instagram-дағы ресми парақшасындағы жазбалар астында тұрғындар тіреуіштердің құрылысына, әсіресе ауа райы жағдайларын ескеруге қатысты алаңдаушылық білдірген.
Жоба бойынша су ағызу жүйесін ортақ кәріз жүйесіне қосу қарастырылған ба? Қазір су бетон тіреулердің айналасына төгіліп, үлкен шалшықтарға айналып жатыр. Су топырақты шайып, тіреулердің құлау қаупін тудырады, – деп жазады пікір қалдырушы.
Осыған ұқсас мәселелерді 2GIS-тегі пікір авторлары да көтерген.
Бүгін Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесі қиылысындағы LRT көпірінің астымен өтіп бара жатқанда, көлігімнің алдыңғы әйнегіне жоғарыдан қар құлады. Бәрі күтпеген жерден болғандықтан, күрт тежегіш басуға тура келді. Сөйтсем, сол сәтте жоғарыда қар тазалап жатыр екен. Аз-ақ қалғанда апат бола жаздады. Бұл қауіпсіздік талаптарына сай ма? – деп жазады пікір қалдырушы.
Сонымен қатар, кейбір қолданушылар жерүсті метроның Нұрлы жол вокзалы маңындағы станциясы вокзал ғимаратымен толық біріктірілмегенін атап өтеді. Олар LRT-ны «декоративті нысан» деп атап, оның құрылысы кезінде кеткен қаржыға және жемқорлыққа қатысты күмәндерін де жасырмайды.
Астанадағы қоғамдық көлік жүйесіне жауапты City Transportation System (CTS) компаниясы шу мәселесіне қатысты сауалға жауап берді. Компания өкілдері жерүсті метро жобасы халықаралық стандарттарды ескере отырып әзірленгенін, ал құрылыс кезінде дөңгелек пен рельс түйіскен жердегі тарсылды болдырмау үшін тігіссіз рельс технологиясы қолданылғанын атап өтті.
Ішкі шу деңгейінің шекті мөлшері 75 дБА-дан, ал сыртқы шу деңгейі 80 дБА-дан аспауы тиіс, - делінген ресми жауапта.
Дегенмен, мұндай көрсеткішті «үнсіз» деп айту қиын. 80 дБА деңгейіндегі шу «өте қатты» саналады: ол ұзақ әсер еткен жағдайда акустикалық жайсыздық туғызады, тіпті есту қабілетін қорғауды қажет етуі мүмкін. Мұндай дыбыс деңгейі әдетте қарқынды автожолдағы шуға, қатты айқайға немесе бір метр қашықтықтағы жұмыс істеп тұрған шаңсорғыштың үніне теңестіріледі.
CTS өкілдері пайдалану кезеңінде шуды азайту үшін тұрақты техникалық қызмет көрсетілетінін, соның ішінде доңғалақ жұптарын тегістеу мен рельстерді шлифтеу жұмыстары жүргізілетінін де уәде етті.
ЕКІ АПТАДА АБАТТАНЫП ҮЛГЕРЕ МЕ?
Күні кеше елордалық пабликтер Жеңіс Қасымбекке сілтеме жасап, LRT екі аптадан кейін жолаушылар тасымалын бастайтынын хабарлады. Ашылу қарсаңында тіреу бағандары жаңа бояумен сырланып, бос пойыздар станциядан станцияға жиірек қатынап, белсенді сынақтан өткізіле бастаған.
Жерден екі метрден жоғары биіктікте LRT таза әрі мерекелік кейіпте көрінеді. Тек кей жерлерде сымдардың шоғырлары әлі толық реттелмеген, төмен қарай салбырап тұрған қоқыс та кездеседі.
Ал төменге көз салсаң, мүлде басқа көрініс ашылады – қираған аумақ. Тіреу бағандарының астындағы жер біреу бомба тастағандай әсер қалдырады: ойдым-ойдым шұңқырлар, төмпешіктер, ауыр техниканың іздері қалған лай-батпақ, шашылған қоқыс.
Айналада кәдімгі қалалық өмір қайнап жатыр – үйлер, жолдар, автобустар. Бірақ LRT-ға жақындай бергенде, аяқ астынан экскаваторлар бірдеңе қазып жатқан «апокалипсиске» тап болғандай күй кешесің.
Сәл әріректе жұмысшылар жағдайды түзетуге кіріскен: бордюрлар орнатылып, брусчатка төселіп жатыр. Алайда бұл әзірге тек станциялар маңында ғана – жолаушылар кемінде сол жерге дейін тротуармен жетсін деген мақсатта. Әйтпесе, көп жерде әлі де ойлы-қырлы, жүріп өтуге қолайсыз аумақ сақталып тұр.
Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында LRT бойындағы аумақтардың қазылып, қайта ретке келтірілетінін алдын ала ескерткен болатын.
Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары басталды. Биыл қалада көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлеміз. Шамамен 1 миллионға жуық жасыл желек (көшеттер, бұталар, ағаштар) отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар LRT желісі бойындағы аумақтарды да абаттандыру қамтылады, – деп жазды әкім.
Мүмкін, қазіргі көрініс сол жұмыстардың бастамасы шығар. Бірақ әзірге айналадағы жағдай «абаттандырудан» гөрі қираған аумақты көбірек еске салады.
Жерүсті метро тіреулерінің астындағы аумақты екі апта ішінде толық ретке келтіріп үлгере ме? Әлде LRT-ны шұңқырлар, шалшықтар мен қоқыс үстінен салтанатты түрде іске қоса ма – бұл әзірге ашық сұрақ.
КОНТЕКСТ
Астанадағы LRT жобасының тарихы он жылға жуық уақытқа созылып келеді. Құрылыс 2017 жылы Қытай банкінің 1,5 млрд долларлық несиесі есебінен басталған. Алайда 2018 жылы қаржыландыру тоқтатылып, 2019 жылы жоба сыбайлас жемқорлық дауына байланысты толықтай тоқтап қалды. Сол кезде жұмыстың шамамен 15%-ы ғана орындалған еді.
Кейін сот тергеуі барысында қаражаттың бір бөлігі – 5,8 млрд теңге – келісімшарттарды қымбаттату арқылы жымқырылғаны анықталды. Қытайдан алынған қарызды Қазақстан кейін мерзімінен бұрын өтеді. Сол кезеңде аяқталмай қалған LRT жобасын қазақстандықтар «жемқорлықтың ескерткіші» деп атап кеткен еді.
Құрылысқа тек 2023 жылы қайта оралды, бұл жолы жоба толықтай бюджет есебінен қаржыландырылды. Іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Сынақ режиміндегі пайдалану 2025 жылдың күзінде басталып, ал толық іске қосу 2026 жылдың мамырына жоспарланып отыр.
2025 жылы бұл көлік жобасына республикалық бюджеттен 300 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. LRT желісінің жалпы ұзындығы шамамен 22,4 шақырымды құрайды және 18 станцияны қамтиды. Жоба бойынша әрқайсысы 652 жолаушыға арналған 19 пойыз іске қосылып, олардың аралығы 4-5 минут болады деп күтілуде.
Бастапқы кезеңде тәуліктік жолаушылар ағыны 25 мың адам шамасында болады деген болжам бар, ал қарбалас уақытта бұл көрсеткіш 92 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Наурыз айының басында жол жүру құны да белгілі болды.
Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары теміржол көлігіне тән дірілдің (LRT соның бір түрі) маңайдағы ғимараттарға әсері туралы да қызу талқылап жатыр.