Емханалардың шенеуніктермен соттасуы: министрлік өз шешімін түсіндірді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Астанада жекеменшік медицина ұйымдары Денсаулық сақтау министрлігімен соттасып жатыр. Даудың себебі –  министрліктің бұйрығы. Құжатқа сәйкес, бұдан былай емханалар мемлекеттен тегін медициналық қызметтің толық ақысын тек өткен айда нақты қаралған пациенттер үшін ғана алады. Ал егер медициналық мекемеге тіркелген тұрғындардың басым бөлігі дәрігерге жүгінбейтін, дені сау адамдар болса, олар үшін бөлінетін қаржы қысқартылады. Жекеменшік емханалар қаржыландыру тәсілінің өзгергеніне наразы. Министрлік неге мұндай шешімге келгенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұрын емханалар адам бір рет те қаралмаса да «бекітілген» адамдар санына қарай қаржы алатын. Нәтижесінде 4 миллионнан астам адам (22%) нақты медициналық көмек алмағанымен, олар үшін қаржы бөлініп отырған.

“Бұл айқын мәселе туындатты: адамдар дәрігерге жағдайы нашарлаған кезде ғана жүгінеді. Соның салдарынан қазір емдеуге жатқызудың шамамен 10 жағдайының 7-еуі шұғыл түрде жүзеге асады, ал олардың бір бөлігін емхана деңгейінде алдын алуға болатын еді. Енді қағидат өзгереді: егер адам бір жылдан астам уақыт емханаға жүгінбесе, оған бөлінетін тариф аздап төмендетіледі”, – дейді министрліктегілер.

Ведомствоның түсіндіруінше, әңгіме жазалау туралы емес — емханалар қаржының негізгі бөлігін сақтайды.

“Өзгерістің мақсаты — медициналық ұйымдарды пациенттермен белсендірек жұмыс істеуге ынталандыру: тексерулерге шақыру, скринингтерді еске салу, созылмалы ауруларды бақылау және жалпы пациентті назардан тыс қалдырмау. Пациенттер үшін бұл — емханалардың назар аударуы күшейеді деген сөз. Адамдарды профилактикалық тексерулерге жиі шақырады, аурулар ерте анықталады, тиісінше емдеу жеңіл әрі тиімді болады. Бұл өзгерістер ауыр жағдайлар мен шұғыл емдеуге жатқызуды азайтуға, стационарларға түсетін жүктемені төмендетуге және кезектерді қысқартуға мүмкіндік береді”, – деп сендірді Денсаулық сақтау министрлігі.

ЖЕКЕМЕНШІК ЕМХАНАЛАРДЫҢ УӘЖІ ҚАНДАЙ?

Еске салайық, кейбір жекеменшік емханалар бұл өзгерістермен келіспей, сотқа жүгінген.

Медицина бизнесі өкілдерінің пікірінше, енгізілген өзгеріс емханалардың айлық кірісін 20–30 пайызға дейін тұрақсыз етеді. Соның салдарынан қарапайым медицина қызметкерлерінің табысы да қысқаруы мүмкін.

– Қазақстандықтардың бәріне белгілі үш жедел қызмет нөмірі бар: 101 – өрт сөндіру, 102 – полиция, 103 – жедел жәрдем. Бұл жай ғана байланыс нөмірлері емес, кез келген сәтте көмекке дайын тұратын жүйенің белгісі. Біз өрт сөндірушілерге келген шақырту үшін емес, әрдайым дайын тұрғаны үшін ақы төлейміз. Сол сияқты полиция қызметі де алдын ала дайындыққа негізделген. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек те – кез келген азаматқа кез келген уақытта қажет болуы мүмкін жағдайға сақадай сай тұратын жүйе. Пандемия кезінде соның маңызы айқын байқалды, – дейді Қазақстанның Медициналық инвестициялар одағының негізін қалаушы Лейла Ишбаева.

МИС өкілдерінің айтуынша, ТМККК аясындағы қаржыландыру азайса, төтенше жағдайда науқастарға көмек көрсететін маман жетіспей қалуы ықтимал. Өйткені шығынды оңтайландыру мақсатында емханалар қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болады, ал бұл күрделі сәтте тапшылыққа әкелуі мүмкін.