АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам өндіру жобасына қатысушы атанды. Бірнеше мәміле арқылы олар Nasdaq биржасына шығуға дайындалып жатқан компанияның үлесін иеленген. Жобаға америкалық даму институттары тарапынан 1,6 млрд долларға дейін қолдау көрсетілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВОЛЬФРАМ ӨНДІРІСІ
Дональд Трамптың ұлдары — Эрик Трамп пен кіші Дональд Трамп Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеруге қатысты компанияның ортақ иелері болды. Бұл туралы Financial Times басылымы дереккөздерге сүйене отырып хабарлады.
Газеттің үш дереккөзіне сәйкес, ағайынды Трамптар 2025 жылдың тамызында Skyline Builders құрылыс тобының үлесін сатып алған. Кейін бірқатар мәміледен соң Skyline компаниясы Cove Capital инвестициялық тобымен байланысты Kaz Resources компаниясының 20 пайызын иеленді. Артынша Kaz Resources пен Қазақстандағы жобаларды басқаратын Cove Kaz Capital құрылымы Skyline-мен біріктірілген.
Жаңадан құрылған компания Kaz Resources брендімен Nasdaq биржасында IPO өткізуді жоспарлап отыр, деп жазады FT.
ПАССИВ ИНВЕСТОР МА?
Басылымның атап өтуінше, өткен жылы АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (US Export-Import Bank) мен Даму қаржыландыру корпорациясы (DFC) Қазақстандағы вольфрам өндіру жобаларын қолдауға 1,6 млрд долларға дейін қаржы бөлуді мақұлдаған. Бұл жобалардағы бақылаушы пакет (70%) Cove Kaz Capital құрылымына тиесілі.
Кіші Дональд Трамп өкілінің айтуынша, ол тек пассив инвестор ретінде қатысады, компаниялардың күнделікті қызметіне араласпайды және өзі инвестиция салған ұйымдардың мүддесі үшін федералды билік органдарымен байланыс жасамайды.
ВОЛЬФРАМ ҚАНДАЙ МЕТАЛЛ?
Вольфрам стратегиялық металл саналады: ол қорғаныс өнеркәсібінде, электроникада және аса берік қорытпалар өндіруде қолданылады. АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) дерегіне сәйкес, бүгінде әлемдегі вольфрам өндірісінің 80 пайыздан астамын Қытай қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан балама жобалар Батыс елдері үшін айрықша маңызды.
Қазақстан бұл металдың дәлелденген қоры бар елдердің қатарына кіреді және тау-кен саласына шетелдік инвестиция тартуды белсенді түрде жүргізіп келеді.