«Ит жоқ болса – проблема да жоқ»: Қазақстан таңдаған жолдың қаупі қандай

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Бірлік күні қарсаңында сенаторлар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» даулы заңды Мәжіліске кері қайтарды. Отырыс залында депутат Арман Өтегенов бұл шешімді жария еткен кезде, баспасөз орталығында біреу тіпті қол соғып жіберген. Алайда мәселенің мәніне үңілсек, жоғарғы палата депутаттарының шешімі көшедегі қаңғыбас мысықтар мен иттердің жағдайын айтарлықтай жақсарта қояды деу қиын. Ulysmedia.kz тілшісі мұның себебін талдап көрді.

НАЗАРДЫ БАСҚАҒА БҰРУ МА?

Сенаторлар жасаған ең басты қадам – «өлім» сөзін «эвтаназия» деп алмастырудан бас тартуды ұсынуы. Бірақ заңнан жануарларды өлтіру нормасы бәрібір алынбайды, тек атауы сәл жұмсартылып – «өлтіру» (умерщвление) деп аталады. Ал эвтаназия ұғымы халықаралық анықтамаға сай тек қарт әрі ауру жануарларға қатысты қолданылмақ.

Бірақ түптеп келгенде, жануарларды өлтіру жалғасады емес пе? Сенаторлар мұны жоққа шығармайды, тек назарды басқа жаққа бұруға тырысады:

«Қаңғыбас иттер мен мысықтар мүлде болмауы керек. Барлығы не үйде, не панажайда болуы тиіс. Ең алдымен есеп жүргізуді реттеу қажет. Егер осы жүйе жолға қойылса, адамдарға, әсіресе балаларға шабуыл жасау мәселесі болмайды», – дейді Өтегенов.

Сенаторлар Мәжіліс ұсынған қаңғыбас жануарларды ұстағаннан кейінгі минималды күту мерзімін алып тастауды ұсынып, бұл мерзімді жергілікті мәслихаттардың өзіне бермек.

ҚАЙ НҰСҚАДА “МЕЙІРІМ” КӨП?

Шын мәнінде, қай тараптың түзетуі жануарларға көбірек «мейірім» танытатынын айту қиын. Себебі нақты шектеулер болмаса, кейбір жергілікті органдар күту мерзімін мүлде нөлге түсіруі де мүмкін. Өйткені кей өңірлерде панажай да, қаржы да жоқ.

Сонымен қатар 2019 жылы қабылданған «ұстау–стерилизация–вакцинация–қайтару» гумандық тәсілінің толық жұмыс істемей отырғаны туралы экологтардың айтқан уәждері талқыланбай қалды. Тіпті стерилизацияланған жануарлардың төлдеген жағдайлары, ал бөлінген құрал-жабдықтың нақты жағдайға сәйкес келмегені туралы да деректер бар. Яғни, аулау жүйесі табыс көзіне айналғанымен, бұл жануарларға пайдалы дей алмаймыз. 

Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев бұрын бөлінген қаржының тиімділігі тексеріле ме деген сұраққа:

«Өткен жылы жергілікті бюджеттерден шамамен 3 млрд теңге бөлінді. Бірақ бұл қаражаттың жұмсалуын бақылау біздің құзыретімізге кірмейді», – деп жауап берді.

СЕНАТОРЛАР НЕ ӨЗГЕРТТІ?

Сонымен сенаторлар не өзгертті? Негізгі өзгеріс біреу-ақ: үй жануарларына бақылауды күшейту.

«Жауапкершілік адамның мойнына жүктеледі. Жануарларды міндетті түрде чиптеу ұсынылады. Сонымен қатар жануарларды сату мен беру тек тіркеу болған жағдайда ғана мүмкін болады», – деді Арман Өтегенов.

Бұл – ұзақ уақыттан бері қажет болған дұрыс қадам.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?

Ulysmedia редакциясына Америкалық сауда палатасының Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа жолдаған хаты келіп түскен. Онда заңды түзету, қаңғыбас жануарларды жоюға емес, оларды дұрыс басқаруға бағыттау ұсынылады.

Ұйым әкімдіктерге аулау қызметі туралы тоқсан сайын есеп беру, ал иелеріне жануардың өмірі үшін толық жауапкершілік жүктеу қажет екенін айтады.

«Жануарларды міндетті тіркеу мен сәйкестендіруді енгізу, панажайларды тұрақты қаржыландыру, сондай-ақ эвтаназияны тек ветеринарлық негізде қолдану қажет», – делінген хатта.

ҚАУІП ЖОЙЫЛМАЙДЫ

Қаңғыбас жануарлар мәселесі мен олардың қауіпі жоққа шығарылмайды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, Қазақстан қазіргі таңда ең оңай жолды таңдаған: «ит жоқ болса – проблема жоқ».

Алайда табиғат бос кеңістікті көтермейді. Ғылыми деректер бойынша, популяция күрт азайса, аналық жануарлар көбірек төлдей бастайды. Ал басты себеп – адамдардың жауапсыздығы: күшіктер мен марғауларды қолға алып, кейін көшеге лақтырып кету.

ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАҒИДАСЫНА ҚАЙШЫ НОРМА

Сенат жұмыс тобының мүшесі, халықаралық саясат талдау ассоциациясының сарапшысы Олжас Жораевтың айтуынша, заң жобасында қауіпті норма қалып қойған:

«Иелері жануардан бас тартып, оны уақытша ұстау орындарына өткізе алады. Яғни мемлекет олардың орнына жануарды бюджет есебінен асырайды», – дейді ол.

Мұндай мүмкіндік адамдарды жауапкершіліктен алыстатуы мүмкін: «керек болмаса – тапсыра саламын» деген түсінік қалыптасады.

Бұл 2021 жылғы заңдағы иесінің толық жауапкершілігі қағидасына да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымына да қайшы келеді.

Қазіргі таңда бұл олқылықтар толық жойылған жоқ. Тіпті айыппұлдарды көбейту мәселесі де бөлек заң аясында қарастырылмақ.

Сондықтан Қазақстанда ит пен мысық үшін қауіп әлі де бар: олар кез келген сәтте иесіз қалуы мүмкін, ал ол үшін иелеріне нақты жауапкершілік қарастырылмаған.