Қазақстанда қала жастарының жұмыссыздығы ауылдағыдан жоғары

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі соңғы 20 жылда 16,6%-дан 3,1%-ға дейін төмендеген. Алайда бұл көрсеткіш нақты статистика емес. Себебі ресми дерек тек жұмыс іздеп жүргендерді ғана есепке алады, ал жұмыс істемейтін, әрі іздемейтін жастар бұл санатқа кірмейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Finprom зерттеуінше, Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі соңғы жылдары айтарлықтай төмендегені ресми статистикадан байқалады. 2001 жылы 15-34 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 16,6% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,1%-ға дейін түсті. Бір қарағанда, бұл –  еңбек нарығындағы тұрақтану мен тиімді саясаттың нәтижесі. Алайда бұл динамиканың артында күрделі факторлар мен толық ашылмайтын тұстар бар.

СТАТИСТИКА ШЫНДЫҚҚА САЙ ЕМЕС

Ресми деректер халықты жұмыспен қамту бойынша іріктемелі зерттеулерге негізделеді. Яғни жұмыссыз ретінде тек жұмысы жоқ, оны белсенді іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын азаматтар ғана есепке алынады.

Бірақ еңбек нарығында нақты жұмыс істемейтін, алайда түрлі себептермен жұмыс іздеуге белсенді кіріспеген жастар бұл есепке кірмейді. Олар сауалнамаға қатыспауы, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінбеуі немесе мемлекеттік платформаларға тіркелмеуі мүмкін. Демек, ресми 3,1% көрсеткіші жастар арасындағы нақты жұмыссыздықтың толық көрінісін бермеуі ықтимал.

ЖАСТАР САНАТЫ ӨСКЕН

2023 жылдан бастап Қазақстанда жастардың жас шегі 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл өзгеріс көрсеткіштің құрылымына тікелей әсер етті.

29-34 жас аралығындағы азаматтар, әдетте, еңбек нарығында орныққан, тәжірибесі бар, тұрақты жұмысы бар топқа жатады. Осы топтың статистикаға қосылуы жалпы жұмыссыздық деңгейін «төмендетіп» көрсетеді. Бұған дейін (жастар 29 жасқа дейін болған кезде) көрсеткіш 3,7-3,9% аралығында болса, кейін 3,5%-ға, ал соңғы жылдары 3,1%-ға дейін түсті.

ЖАС МАМАНҒА ЖҰМЫС ЖОҚ

Жастар арасындағы жұмыссыздықтың жас құрылымы еңбек нарығына алғаш қадам басатындар үшін жағдайдың күрделірек екенін көрсетеді.

2025 жылы 15-19 жастағылар арасында жұмыссыздық деңгейі 4% болды. 20-24 жаста 3,5%, 25-28 жаста  3,3%, ал 29-34 жаста  2,7%. Яғни, жас ұлғайып, тәжірибе мен дағды артқан сайын жұмыс табу мүмкіндігі де жоғарылайды. Бірақ бұл көрсеткіштер жастардың еңбек жолының басында жүйелі қиындықтарға тап болатынын да аңғартады.

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАРҒА СҰРАНЫС КӨП

Жұмыссыздық деңгейі білімге тікелей байланысты. Тек мектеп білімі бар жастар арасында бұл көрсеткіш 7,5% болса, жоғары білім алғандарда – 3,3%.

Ал колледж және техникум түлектері арасында 2,8% деңгейінде. Тіпті олар жоғары білім иелеріне қарағанда жұмысқа тезірек орналасады. Бұл еңбек нарығында техникалық және қолданбалы мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

ӘЙЕЛДЕРГЕ КЕДЕРГІ КӨП 

Жастар арасындағы гендерлік айырмашылық азайғанымен, толық жойылған жоқ. 2025 жылы ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,6% болса, әйелдерде – 3,6%. Бұл әйелдердің еңбек нарығында әлі де белгілі бір кедергілерге тап болатынын көрсетеді.

Сондай-ақ қала жастары (3,4%) ауыл жастарына (2,5%) қарағанда жұмыссыздыққа жиірек ұшырайды. Бұл қаладағы бәсекенің жоғары болуымен түсіндіріледі.

Өңірлер арасында да айырмашылық бар. Жоғары көрсеткіштер Алматы, Астана, Қарағанды және Қызылорда облыстарында байқалса, ең төмен деңгей Түркістан мен Атырау облыстарында тіркелген.