Мәжілісте жүргізушілерді даярлау және жол қауіпсіздігі саласын реттейтін заң жобасы қаралып жатыр. Құжатта автомектептердің жұмысына бақылауды күшейту ұсынылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Заң жобасының атауы — «Цифрландыру, жол қауіпсіздігі және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».
Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, жүргізушілерді оқытатын ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді автомектеп тек арнайы рұқсат алған жағдайда ғана жұмыс істей алады. Бұл талап «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға енгізілмек.
Рұқсат алу үшін оқу орталығында материалдық-техникалық база, арнайы оқу алаңдары, көлік құралдары және білікті оқытушылар құрамы болуы міндетті болады.
Сондай-ақ, рұқсат алған автомектептердің бірыңғай мемлекеттік тізілімі жасалады. Бұл тізілім Ішкі істер министрлігінің қарауына беріледі.
Бұдан бөлек, медициналық деректердің белгілі бір түрін ІІМ-нің ақпараттық жүйелерімен біріктіру жоспарланып отыр. Мұндай шаралар денсаулық жағдайына байланысты көлік жүргізуге тыйым салынған адамдардың рөлге отыруының алдын алуға бағытталған.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, бұдан бұрын елімізде такси тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгеріс енгізілген. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, енді тасымалдаушы такси қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті. Сонымен қатар, жаңартылған нысанда көлік құралы ауыстырылғанда және жаңадан көлік қосылғанда, яғни автопаркті жаңарту кезінде өзгеріс енгізу мүмкіндігі қарастырылған.