Мәжіліс сенаторлар ұсынған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулермен келісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СЕНАТОРЛАР ТҮЗЕГЕН ЗАҢ
Бүгін Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сенаторлар енгізген түзетулерді ресми түрде мақұлдады.
Атап айтқанда, әрбір елді мекен жануарларды ұстау тәртібін өз бетінше белгілеп, қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау мерзімін де өзі айқындай алады деген ұсыныс қолдау тапты.
Сондай-ақ сенаторлар қаңғыбас жануарларды анықтауда тек чиптің бар-жоғына ғана емес, басқа да белгілерге назар аударуды ұсынды. Мысалы, жағасы, арнайы белгісі немесе сыртқы келбеті арқылы иесінің бар-жоғын анықтау көзделген.
Бұдан бөлек, эвтаназия ұғымы нақтыланды: ол — тек медициналық көрсеткіштер болған жағдайда және ветеринар дәрігердің қорытындысынан кейін ғана жануарды ұйықтатып өлтіру.
Ал қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімдерін жергілікті атқарушы органдар айқындайды.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, бұл түзетулер негізінен нақтылаушы сипатта. Қаңғыбас иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, бұдан бұрын Сенат Мәжіліс әзірлеген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына пысықтау үшін Мәжіліске қайтарған. Жоғарғы палата депутаттары қаңғыбас жануарларды өлтіруге қатысты «эвтаназия» терминімен келіспеді, сондай-ақ барлық қаңғыбас жануарларды ұсталғаннан кейін 5 күн өткен соң «жою» нормасын қолдамады. Сенаторлар тағы қандай өзгерістер ұсынғаны туралы толық жазғанбыз.