Ағайынды Назарбаевалар: бірінің дәулеті артып, екіншісінің қалтасы жұқарды

Ulysmedia
коллаж Ulysmedia

Forbes Kazakhstan жариялаған 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар рейтингінде Назарбаев әулетінің позициясы өзгерді. Динара Құлыбаева байлығын арттырып, ең бай үш адамның қатарына кірсе, Дариға Назарбаеваның капиталы азайған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Елдегі ең бай 75 кәсіпкердің жиынтық капиталы $60,84 млрд-қа жетсе, тізімде жаңа миллиардерлер мен жас ойыншылар көбейді. Алайда рейтингте бұрынғы саяси элитамен байланысты ықпалды әулеттер де өз позициясын сақтап қалды.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚЫЗДАРЫ ҚАЙ ОРЫНДА

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар тізімінде 20-орынға жайғасты. Оның байлығы $550 млн деп бағаланған. Бұл былтырмен салыстырғанда төмен көрсеткіш.

Дариға Назарбаева ұлы Нұралы Әлиевпен бірге «Европа плюс Қазақстан» және НТК телеарнасына иелік етеді. Сонымен қатар DLS Group холдингі арқылы «Регион-Медиа», «Наружная Реклама-Регионы» және «Телефабрика «Дала» компанияларында үлесі бар.

Ал оның сіңлісі Динара Құлыбаева биылғы рейтингте үшінші орынға көтерілді. Forbes оның байлығын $5,4 млрд деп бағалаған. Өткен жылы ол төртінші орында болған еді.

Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге «Алмэкс» холдингі арқылы Halyk Bank акцияларының 61,99 пайызына иелік етеді. Осылайша Құлыбаевтар әулеті Қазақстанның қаржы секторындағы ең ықпалды ойыншылардың бірі болып қала берді.

МИЛЛИАРДЕРЛЕР КӨБЕЙДІ 

2026 жыл әлемдік Forbes рейтингі үшін рекордтық кезең болды. Әлемдегі миллиардерлер саны 3428 адамға жетті. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Елдегі ең бай 75 кәсіпкердің жиынтық байлығы $60,84 млрд-қа дейін өсті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш $57,5 млрд болған.

Биылғы рейтингтің басты жаңалығы – қазақстандық кәсіпкерлердің жаһандық миллиардерлер тізіміне қайта оралуы. Соңғы бес жылда алғаш рет Нұрлан Смағұлов ($1,3 млрд) пен Айдын Рахымбаев ($1,1 млрд) Forbes-тің әлемдік миллиардерлер қатарына енді.

РЕЙТИНГ КӨШБАСШЫЛАРЫ КІМДЕР?

Forbes Kazakhstan рейтингінде қатарынан үшінші жыл Вячеслав Ким көш бастап тұр. Оның байлығы $7,8 млрд деп бағаланған.

Қазақстанның ең бай бес адамы:

  • Вячеслав Ким – $7,8 млрд;
  • Владимир Ким – $5,9 млрд;
  • Динара Құлыбаева – $5,4 млрд;
  • Тимур Құлыбаев – $5,4 млрд;
  • Болат Өтемұратов – $5,4 млрд.

ЖЫЛ СЕНСАЦИЯСЫ: ШАХМҰРАТ МҮТӘЛІП КІМ?

Рейтингтегі ең үлкен жаңалық – 35 жастағы Шахмұрат Мүтәліп (рейтингте 22-орын). Тізімдегі ең жас қатысушының бірі саналатын кәсіпкер қысқа уақыт ішінде ірі бизнес элитасына қосылып, ерекше белсенділігімен көзге түсті.

Мүтәліп стратегиялық активтерді белсенді түрде сатып алып жатыр. Оның бақылауына теміржол және автожол инфрақұрылымындағы ірі жобалармен айналысатын Integra Construction KZ компаниясы өтті.

Алайда ең үлкен резонанс тудырған мәмілелер – шикізат секторындағы қадамдары болды. Ол алтын өндіретін ірі «Алтыналмас» компаниясын сатып алып, Eurasian Resources Group (ERG) акцияларының 40%-ын алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Жас кәсіпкер Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі банктерімен қаржыландыру мәселесін талқылап, ресурс секторындағы ең ықпалды тұлғалардың біріне айналып келеді.