93 жолаушының өміріне қатер: Air Astana ұшағының ақауына қатысты тергеу басталды

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның Көлік министрлігі Air Astana әуе компаниясының Астана – Франкфурт бағыты бойынша ұшқан рейсіне қатысты авиациялық оқиғаға байланысты тергеу бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

8 мамыр күні таңертең Астанадан ұшып шыққан Airbus A321 ұшағы қозғалтқыштардың бірінде ақау шығуына байланысты PAN-PAN дабылын берген. Осыдан кейін экипаж ұшақты Ақтөбедегі қосалқы әуежайға қондыру туралы шешім қабылдаған.

Ұшақ бортында 93 жолаушы болған. Оның ішінде төрт бала мен бір нәресте бар. Сондай-ақ тоғыз экипаж мүшесі болған. Әуе кемесі Ақтөбеге сағат 11:34-те сәтті қонды.

– Экипаж әуе кемесін пайдалану жөніндегі нұсқаулықта қарастырылған барлық талапқа сай әрекет етті, – деп хабарлады Көлік министрлігі.

Қонғаннан кейін ұшақ тұрақ орнына өздігінен жеткен. Әуежайда апаттық-құтқару қызметтері жұмылдырылған.

«Ауыр авиациялық оқиға»

Министрлік мәліметінше, оқиға ұшақтың күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болған. Бұл жағдай ресми түрде «ауыр авиациялық оқиға» ретінде тіркелді.

Оқиғаны Көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті тексереді. Сондай-ақ ведомство өкілін Ақтөбеге жіберіп, оқиға орнында қосымша ақпарат жинау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейінгі жағдай

Бұған дейін, желтоқсан айында Air Astana-ның Алматы – Астана рейсін орындаған Airbus A321 ұшағы салонда түтін шығуына байланысты MAYDAY дабылын берген еді. Ол кезде ұшақ Алматы әуежайына шұғыл қонған.

Көлік министрлігі жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсы зардап шекпегенін хабарлаған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен әуежайдың апаттық-құтқару қызметтері жұмылдырылған болатын.