Шенділер шу шығартпады: қаза тапқан сарбаздардың аналарына қандай уәде берілді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан армиясында қаза тапқан немесе ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған сарбаздардың аналары Министрліктер үйінің 16-кіреберісі алдында наразылық акциясын өткізуді жоспарлаған. Алайда алдымен әуелі қарулы күзет тоқтатты, кейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қабылдады. Ulysmedia.kz тілшісі ұлдарынан айырылған әйелдердің әділдікке жету жолындағы кезекті жанталасына куә болды.

Наразылықтан бас тартуға көндірді

Қаза тапқан сарбаздардың аналары Министрліктер үйі алдында кезекті наразылық акциясын өткізбек болған. Олардың үшеуі Алматыдан және өзге қалалардан Астанаға арнайы келген. Олар Қорғаныс министрі Дәурен Қосановпен және Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің кабинетіне кіруге тырысып көрмек болған.

Алайда Министрліктер үйінің маңында әйелдерге қарапайым киінген екі ер адам келіп, өздерін әскери прокуратура қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар өте сыпайы түрде ғимаратқа жақындамауды өтінген. Сонымен бірге Министрліктер үйінің кіреберістері мен Ақорда алдындағы алаңға кіретін аркалар маңында автомат асынған қарулы адамдар тұрғанын сырттай көрсеткен.

Шынында да күзет қызметкерлері әйелдерді ішке өткізбей, дәл сол күні парламент палаталарының бірлескен отырысына байланысты кіруге тыйым салынғанын түсіндірген.

Осы кезде сарбаздардың аналарының біріне Қорғаныс министрі оларды қабылдауға дайын екені хабарланған.

Қарулы күштер қатарында қызмет еткен сарбаздардың аналары министрдің қабылдауына кеткен. Ал Ұлттық ұланда (бұл құрылым ІІМ жүйесіне қарайды) борышын өтеген сарбаздардың аналары сыртта қалып, тағдырлас әйелдерді күткен.

Осы уақыт бойы әскери прокуратураның екі қызметкері әйелдерді тыңдап, шу шығармауға шақырып, көмек пен қолдау көрсетілетінін айтып отырған. Ақырында әйелдер наразылық акциясынан бас тартты.

Іс қайта тергеледі

Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың қабылдауына Щучинскідегі әскери училищеде басына оқ тиіп, бірінші топтағы мүгедек болып қалған курсант Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова кірген.

Ұлан 2022 жылы жараланған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалғанымен, күрделі операциядан кейін көру қабілетінен айырылған. Қазірге дейін ол тек жатып қана өмір сүріп жатыр. Жады толық қалпына келмесе де, анасының айтуынша, Ұлан бірнеше рет өзіне кім оқ атқанын сұраған.

Соған қарамастан, бастапқыда әскери тергеу бұл істі суицид жасау әрекеті бабы бойынша тіркеген.

Осы жылдар бойы анасы түрлі мекемелерге жүгініп, митингілерге шығып, істі қайта қарауды талап еткен. Сондай-ақ ол Қазақстандағы мерзімді әскери қызметті тоқтатып, әскерді толық келісімшарт жүйесіне көшіруді талап еткен сарбаз аналарының ортақ үндеуіне қосылған.

Міне, осы уақыт ішінде алғаш рет министр аналарды жеке қабылдады.

— Министр бізді тыңдады. Әскердегі реформаны бірден жасауп тастау мүмкін емес екенін, оған бірнеше жыл қажет болатынын айтты. Бірақ бұл мәселе қаралып жатқанын жеткізді, — деді Гүлмира Мұқажанова.

Ұлының ісіне қатысты Қарулы күштер тарапынан қолдау көрсетілетіні және Ұланға толық оңалту курсы ұйымдастырылатыны айтылған. Сонымен бірге іс қайта тергеуге жіберілгені хабарланған.

— Министрдің жанында әскери прокуратура өкілі отырды. Ол біздің наразылықтарымыздан кейін ұлымның ісі қайтадан басынан бастап тергеліп жатқанын айтты. Барлық айғақтар мен бейнежазбалар қайта зерттеледі екен. Іс материалдары жаңа сараптамаға жіберіледі. Кейбір материалдарды Германияға сараптамаға жолдаймыз деп уәде берді, — деді ол.

Басқа аналар министрмен кездесуге қатысты пікір білдіруден бас тартты. Олар қабылдаудан көз жасына ерік беріп шықты. Өйткені ұлдарынан айырылған сәтті қайта еске алып, сол қасіретті қайта бастан өткеруге мәжбүр болған.

«Кінәлілер жазалануы керек»

Ұлттық ұлан сарбаздарының аналары ІІМ басшысының қабылдауына кіре алмады. Біз олармен Министрліктер үйінің жанындағы шағын асханада сөйлестік.

Астанадағы Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде қаза тапқан Қайсар Сұлтановтың анасы Сәуле Тілеубергенованың айтуынша, ұлының өлімі әлі күнге дейін суицид ретінде тергеліп жатыр.

Қайсар 2023 жылғы 9 қазанға қараған түні әскери бөлімнің спорт залында көз жұмған.

— Ертең әділдік іздеп жүргеніме екі жыл жеті ай болады. Алматыдан осында қайта-қайта ұшып келемін. Қолымда барлық дәлел мен тәуелсіз сараптама қорытындысы бар. Онда ұлым алғашқы оқтан кейін бірден көз жұмғаны жазылған. Бірақ іс материалында арасы 5–6 минут болатын екі оқ атылғаны көрсетілген. Бір оқ терезе маңында, екіншісі спорт залдың басқа шетінде атылған дейді. Тергеушілердің нұсқасы бойынша, ұлым алғашқы оқтан кейін автоматты көтеріп, залдың басқа бөлігіне барып, өзін тағы бір рет атқан болып шығады, — деді Сәуле Тілеубергенова.

Оның сөзінше, бейнебақылау камераларындағы кей жазбалардың өшірілгені жөнінде де дәлелдер бар. Соған қарамастан, Әскери тергеу басқармасы істі Қылмыстық кодекстің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша тергеуден бас тартып отыр.

— Әскери тергеу басқармасындағы бөлім басшыларының бірі маған «сонша уақыт өтті, енді ешкімді таппаймыз» деді. Таппаса да, мен ұлымның адал атын ақтағым келеді. Ол өзіне қол салатын адам емес еді, оны өлтірген. Сондықтан істің 99-баппен тергелуін талап етемін, — деді марқұм сарбаздың анасы.

Индира Туғанбаеваның оқиғасы да жан түршіктіреді. Оның ұлы Алмас Шахимов Ұлттық ұланда небәрі екі ай қызмет еткен. Алмас 2022 жылғы 9 тамызда қаза тапқан. Тергеу нұсқасы бойынша, полигонда құмды дауыл кезінде үстіне шатыр құлаған.

— Денесін жуындырған кезде арқасындағы темекіден қалған күйіктерді көрдік. Сарапшы денесінде үш пышақ жарасы мен жалпы саны 26 дене жарақаты болғанын анықтады. Ал олар маған мұның бәрі шатыр құлағаннан болды деп отыр, — деді Индира Туғанбаева.

Оның айтуынша, іс бойынша бірінші және екінші сатыдағы соттар өтіп кеткен. Бөлімше командирі салғырттық үшін сотталғанымен, бас бостандығынан айырылмаған. Анасы төрт жылдан бері істің адам өлтіру ретінде тергелуін талап етіп келеді.

— Баламның денесіндегі жарақаттарды көріп, сарапшылардың қорытындысын тыңдағаннан кейін оны бірнеше сағат бойы азаптап, кейін өлтіргеніне сенімдімін. Кінәлілер міндетті түрде жазалануы керек, — деді Индира Туғанбаева.

Күту барысында қаза тапқан сарбаздардың аналарының жанынан әскери прокуратура өкілдері бір елі ажырамады. Олар әйелдердің қайтадан наразылық ұйымдастырмауын қадағалап жүргендей әсер қалдырды.

Олардың бірі өзін Ақмола гарнизоны әскери прокурорының орынбасары ретінде таныстырғанымен, тегін атамады. Өздерін видеоға түсіруге қатаң тыйым салып, журналистің телефонына үнемі қарап, кездейсоқ түсірілген кадрлар жоқ па деп тексеріп отырған.

Ақырында прокуратура қызметкерлері әйелдерді Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің қабылдауына онлайн жазылуға көндіріп, барлық мәселе бойынша көмектесуге уәде берген.

Контекст

Қазақстан армиясында қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған сарбаздардың аналары бірнеше жылдан бері әділ әрі ашық тергеу жүргізуді, кінәлілердің жазалануын талап етіп келеді.

Олар митингілерге шығып, түрлі мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырған.

Ең ірі наразылық акцияларының бірі былтыр қарашада Министрліктер үйі алдында өткен. Ол кезде аналар сарбаздардың өлімін суицид, жазатайым оқиға немесе салғырттық ретінде тіркеген істерді қайта қарауды талап еткен. Сонымен бірге Қазақстан армиясына реформа жүргізуді сұраған.

Бұл наразылыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған еді. Мемлекет басшысы бас прокурор Берік Асыловқа сарбаз аналары көтерген істерді 12 күн ішінде зерделеуді тапсырған.

Ал акциядан кейін митингке қатысқан әйелдерді полиция күшпен ұстаған болатын.