Шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі қысым мен орынсыз пікірлерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚЫРМАНДАРЫНА ҮНДЕУ
Асаубаева Telegram-арнасында аудитория көбейген сайын еркін пікір алмасу қиындап кеткенін айтты.
Шахматшының сөзінше, арнасын шамамен екі жыл бұрын ашқан, ал тұрақты түрде жүргізе бастағанына бір жылдан асқан. Бастапқыда ол бұл платформаны жеке күнделік секілді қабылдап, оқырмандармен еркін әрі шынайы форматта сөйлесіп келген. Алайда уақыт өте аудитория ұлғайып, бірге негатив те көбейген. Спортшы әсіресе жеке өмірі, достары мен қарым-қатынасына қатысты қажетсіз ақыл айтатын жазылушылардың артқанын жасырмады.
«Мен сұрамаған ақылды айтпаңыздар. Мені жақсы көруді сұрамаймын, ешкімге ұнауға міндетті емеспін. Егер бірдеңе ұнамаса, парақшамнан шығып кетіңіздер», — деп жазды Бибісара.
Сонымен қатар Асаубаева арнасындағы жағымсыз пікір қалдыратын қолданушыларды бұғаттайтынын ескертті.
ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ШАХМАТШЫМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
Еске салайық, бұдан бұрын Бибісара Асаубаеваның өзбекстандық шахматшымен қарым-қатынасы қызу талқыға түскен.
Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы өзінің Telegram-арнасында фотосуреттер топтамасын жариялап, матчтар арасындағы демалыс күнінің қалай өтіп жатқанын көрсеткен. Суреттер арасында анасымен бірге дүкенге барған сәттер мен селфилер бар. Алайда көпшіліктің назарын лифтте түсірілген бір кадр аударды. Онда шахматшы қыз жас жігітпен құшақтасып тұр, ал жігіт оның маңдайынан сүйіп тұр. Бұл суреттегі жігіттің өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров екені байқалады.
Кейін Синдаровтың әжесі өзінің немересі мен Асаубаеваның жай ғана дос екенін мәлімдеді.