×
461.26
542.58
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.26
542.58
6.18

Биылғы ҰБТ-да не өзгерді: 446 мыңнан астам өтініш түскен

Бүгін, 08:48
Биылғы ҰБТ-да не өзгерді: 446 мыңнан астам өтініш түскен
коллаж Ulysmedia

Қазақстанда 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу ресми түрде басталды. Биылғы тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ-ға қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ КӨБІ ҚАЗАҚ ТІЛІН ТАҢДАҒАН

Екі мәрте тапсыру мүмкіндігін ескергенде, абитуриенттер жалпы саны 446 мыңнан астам өтінім рәсімдеген. Бұл былтырғымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. 2025 жылы 216 мыңға жуық түлек 399 мың өтініш берген болатын.

Ал талапкерлердің басым бөлігі тесті қазақ тілінде тапсырады. Ресми дерекке сәйкес, қатысушылардың 74 пайызы қазақ тілін таңдаса, шамамен 26 пайызы орыс тілінде тест тапсырады. Ал 851 адам ҰБТ-ны ағылшын тілінде өткізеді.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов алғашқы күні еліміз бойынша 926 адам тест тапсырып жатқанын айтты.

– Оның 359-ы Астанада орналасқан тестілеу орталықтарында емтихан тапсыруда. Жалпы республика бойынша 45 тестілеу пункті жұмыс істейді,– деді ол. 

Талапкерлер арасында ең танымал бейіндік пәндер комбинациясы өзгеріссіз қалды. Биыл да «Математика-Физика» бағытын ең көп адам таңдаған. Бұл комбинацияны талапкерлердің 17,9 пайызы белгілеген.

Екінші орында «Биология-Химия» пәндері тұр – 14,5 пайыз. Ал шығармашылық мамандықтарға түсуді жоспарлағандар үлесі 12,4 пайызды құрайды.

Мамандар мұны техникалық және инженерлік бағыттарға қызығушылықтың артқанымен байланыстырады. Яғни түлектер арасында инженер, құрылысшы, энергетик, педагог секілді мамандықтарға сұраныс жоғары.

Биыл талапкерлерге дайындықты күшейту үшін қаңтар және наурыз айларындағы тест нәтижелері бойынша жеке талдау берілген. Бұл оқушыларға әлсіз тақырыптарын анықтап, келесі мүмкіндікке дейін нақты бағытта дайындалуға көмектеседі.

Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында сынақ тесттер мен қосымша оқу материалдары орналастырылған. Олардың ішінде әдебиеттер тізімі, Қазақстан тарихындағы 100 маңызды дата, информатика терминдері, қазақ және орыс әдебиетіндегі шығармалар тізімі бар.

ҰБТ ФОРМАТЫ ӨЗГЕРДІ МЕ?

2026 жылғы ҰБТ құрылымы былтырғы форматта сақталды. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырады. Жалпы тапсырма саны – 120. Ең жоғары нәтиже – 140 балл.

Тестілеуге 4 сағат уақыт беріледі. Ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут қарастырылған.

Емтихан кезінде калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштік кестесін пайдалануға рұқсат етіледі. Қажетті материалдардың қағаз нұсқалары да аудиторияларда ұсынылады.

Егер талапкер тест нәтижесімен келіспесе, емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Комиссия шешімі жеке кабинетте жарияланады.

Сондай-ақ талапкер қажет болған жағдайда өтінішін апелляциялық комиссия қарауына дейін кері қайтарып ала алады.

ШЕКТІ БАЛЛ ӨЗГЕРМЕДІ

Министрлік биыл да жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген шекті балл өзгеріссіз қалатынын хабарлады.

  • ұлттық университеттерге –  кемінде 65 балл;
  • басқа ЖОО-ларға – 50 балл;
  • педагогикалық бағыттарға –  75 балл;
  • медицина саласына –  70 балл;
  • құқық мамандықтарына –  75 балл қажет.

Сонымен бірге бейіндік пәндер мен Қазақстан тарихынан кемінде 5 балл, ал оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан кемінде 3 балл жинау міндетті.

Айта кету керек, ҰБТ өтетін ғимараттарда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Кіреберісте металл іздегіштер орнатылып, аудиторияларда бейнебақылау жүргізіледі. Сонымен қатар ұялы байланысты шектейтін арнайы құрылғылар қолданылады.

Тестілеу аяқталғаннан кейін барлық бейнежазба 31 қазанға дейін тексеріледі. Егер ереже бұзу деректері анықталса, талапкердің нәтижесі жойылуы мүмкін. Бұл талап білім грантын иеленген түлектерге де қатысты.

Бұған дейін колледж студенттеріне ҰБТ-сыз грантқа түсуге мүмкіндік берілетінін жазғанбыз. 

Серіктес жаңалықтары