Трамп Иран жауабын «мүлдем қабылдауға болмайды» деп атады

Ulysmedia
коллаж AI / Ulysmedia

Иран АҚШ-тың соғысты тоқтату туралы ұсыныстарына қарсы жауап беріп, Вашингтонның жоспары қабылданбайтынын аңғартты. Осы уақытта Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіс сақталып, аймақтағы шабуылдар мен блокадалар әлемдік мұнай нарығына қысымды күшейтіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КЕЛІССӨЗДЕР НЕ ЖАЙЛЫ?

BBC мәліметінше, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге делдал болып отырған Пәкістан премьер-министрі Тегеранның ұсынысы алынғанын растаған. Әзірге АҚШ өз жоспарын ресми жариялаған жоқ. Бірақ халықаралық БАҚ-та тараптар 14 тармақтан тұратын меморандумды талқылап жатқаны айтылып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жаңа келіссөздерге жол ашуы мүмкін.

Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Иран тарапынан келген жауаппен танысқанын жазды.

– Маған ол ұнамады. МҮЛДЕМ ҚАБЫЛДАУҒА БОЛМАЙДЫ! – деп мәлімдеді АҚШ президенті.

Алайда ол америкалық жоспардың нақты мазмұнын да, Иранның қандай талап қойғанын да ашып айтпады.

ШАБУЫЛ ТОЛЫҚ ТОҚТАМАҒАН

Қазір аймақта атысты тоқтату режимі формалды түрде сақталғанымен, шабуылдар толық тоқтаған жоқ. Ормуз бұғазы маңында жүк кемелеріне жасалған шабуылдар мен дрон соққылары әлі де жалғасып жатыр.

Иран Ормуз бұғазын бақылауды күшейтіп отыр. Бұл аймақ әлемдегі ең маңызды мұнай тасымалы бағыттарының бірі саналады. Сарапшылардың айтуынша, бұғаздағы кез келген шиеленіс мұнай бағасының өсуіне бірден әсер етеді. Соңғы күндері әлемдік нарықта мұнай құнының қымбаттауына осы жағдай негізгі себептердің бірі болып отыр.

Ал АҚШ Иранға қысымды күшейту үшін порттарға қатысты блокаданы кеңейтіп жатыр. Вашингтон осылайша Тегеранды өз шарттарына көндіруге тырысуда.

Таяу Шығыстағы ахуалдың тұрақсыз болуы әлемдік экономикаға ғана емес, мұнай экспортынан табыс табатын елдерге де әсер етуі мүмкін. Сарапшылар АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің нәтижесі алдағы айларда жаһандық энергетика нарығына тікелей ықпал ететінін айтып отыр.

КОНТЕКСТ 

CNN телеарнасының мәліметінше, Иранның әскери стратегиясы мен соғысты аяқтауға байланысты Вашингтонмен арадағы келіссөздер бағытын жаралы болса да аятолла Мұжтаба Хаменеи айқындап отыр. Басылым ақпаратты АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп жазды.

Телеарна дерегінше, Хаменеи денесінің бір жағын ауыр күйік шалған. Салдарынан бетіне, қолына, денесінің бір бөлігіне және аяғына зақым келген.

Америкалық барлау көздерінің мәліметінше, Мұжтаба Хаменеи «оқшауланған жағдайда» отыр. АҚШ оның нақты қай жерде екенін әлі күнге дейін визуалды түрде растай алмаған, өйткені Хаменеи электронды байланыс құралдарын қолданбайды және тек өзіне жеке келетін адамдармен ғана байланысады.

Бұған дейін Иран жоғарғы жетекшісі кеңсесінің протокол қызметінің басшысы Мазахер Хоссейни Мұжтаба Хаменеи «алған жарақаттарынан айығып келе жатқанын» мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, әңгіме тек табан, белдің төменгі бөлігі және құлақтағы «жеңіл жарақаттар» туралы болып отыр.