Бибісара Асаубаева Бухарестте Синдаровпен бірге көзге түсті

Ulysmedia
коллаж Ulysmedia

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Румыния астанасы Бухаресттен фото-видео жариялап, өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровпен бірге жүргенін көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СИНДАРОВТЫ ҚОЛДАУҒА БАРДЫ МА?

12 мамыр күні Бухарестте беделді Grand Chess Tour 2026 турнирінің кезекті кезеңі басталады. Жарысқа әлемнің үздік шахматшылары қатысады. Олардың қатарында Фабиано Каруана, Аниш Гири, Алиреза Фирузджа және Уэсли Со бар.

Биыл әлем чемпиондығына үміткерлер турнирінің жеңімпазы атанған Жавохир Синдаров Grand Chess Tour сериясына алғаш рет шақырту алған. Турнирдің жалпы жүлде қоры 475 мың долларды құрайды.

Ал Бибісара Асаубаева бұл жарысқа қатыспайды. Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары оның Бухарестке “чемпионын” қолдау үшін барғанын жазып жатыр. Желіде тараған кадрлардан екеуінің Румыния астанасын бірге аралап жүргенін байқауға болады.

«МЕНІҢ ЧЕМПИОНЫМ»

Еске сала кетейік, Кипрдегі әлем чемпионы атағы үшін іріктеу кезінде Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаровтың қарым-қатынасы жайлы жиі айтылды. 

Асаубаева өз Telegram және Instagram парақшаларына Синдаровпен бірге түскен суретін жариялап, оған жүрек эмодзиін қосып, жазба қалдырды.

«Менің чемпионым», «Сенімен мақтанамын», – деп жазды қазақстандық шахматшы.

Жалпы екі елдің шахматшылары арасындағы сезім туралы желі қолданушылары жарыса жазуда. Бірақ екеуі әлі бұл ақпаратты растаған жоқ.

ЖАВОХИР СИНДАРОВ КІМ? 

Жавохир Синдаров – 12 жас 10 айында гроссмейстер атанған әлемдегі ең жас шахматшылардың бірі. Ол 2005 жылдың желтоқсанында шахматшылар отбасында дүниеге келген. Гроссмейстердің отбасы Ташкент қаласында тұрады. 2011 жылы ата-анасы Жавохирді 6 жасында шахмат секциясына берген.

Жавохир шахмат ережелерін тез меңгеріп, аз уақыт ішінде өзінен үлкендерді де жеңе бастаған. Туа біткен дарыны мен тәжірибелі бапкерлердің арқасында ол әлемдегі ең жас гроссмейстерлердің бірі атанды. Ол ФИДЕ-нің ең жоғары атағын 12 жас 10 айында иеленді.

Жавохир алғашқы гроссмейстерлік нормасын 2018 жылдың жазында Алехин мемориалында орындады. Екінші нормасын 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында орындады. Осы жарыстан кейін өзбек шахматшысының рейтингі 2500 ұпайдан асты. Үшінші гроссмейстерлік нормасын ол 2018 жылдың күзінде Венгриядағы Elso Szombat турнирінде орындады.