×
461.26
542.58
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.26
542.58
6.18

Мәсімовтың іздеудегі экс-күйеубаласы мәлімдеме жасады

Бүгін, 18:11
Мәсімовтың іздеудегі экс-күйеубаласы мәлімдеме жасады
коллаж Ulysmedia

Қазақстанда халықаралық іздеуде жүрген, Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласы Азамат Қапенов ұзақ үнсіздіктен кейін алғаш рет ашық мәлімдеме жасады. Қазір Қырғызстанда жүргені айтылатын Қапенов әлеуметтік желі арқылы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАПЕНОВ НЕ АЙТТЫ?

Instagram-да жарияланған видеода Азамат Қапенов Қазақстаннан ақша ұрлап кеткені туралы пікірлерді теріске шығарды. Оның айтуынша, ата-анасына тиесілі «Евротрансгрупп» компаниясы Достық станциясында Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық портты салып жатыр.

«Құрметті қазақстандықтар, сіздерге үндеу жасағым келеді. Маған “Қазақстанда ақша ұрлап, Қырғызстанда жасырынып жүр” деген пікір келді. Бұл – шындыққа жанаспайды», – деді Қапенов.

Қапеновтің сөзінше, жобаға арналған 51 гектар жер жеке тұлғалардан Krisha.kz арқылы сатып алынған. Ал құрылыс банктік несие есебінен жүргізілген.

Ол жоба мерзіміне назар аударды. Айтуынша, құрылыс 2022 жылдың маусымында басталған. Бұл кезде Кәрім Мәсімов қамауда болған. Ал алғашқы кезең 2023 жылдың ақпанында аяқталып, нысан ай сайын 1 миллион доллар табыс әкеле бастаған.

Бұл мәлімдеме арқылы Қапенов өз бизнесінің Мәсімовтің ықпалымен емес, дербес дамығанын көрсетуге тырысқандай әсер қалдырады.

ДОСТЫҚТАҒЫ ПОРТ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Достық станциясы – Қазақстанның Қытаймен шекарадағы негізгі логистикалық қақпаларының бірі. Соңғы жылдары Транскаспий халықаралық көлік бағытына қызығушылық артқан сайын бұл аймақтағы терминалдар мен жүк инфрақұрылымының стратегиялық маңызы күшейді.

Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай нысандар болашақта миллиардтаған табыс әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай активтердің айналасында ықпалды топтардың мүддесі тоғысуы қалыпты құбылыс.

Қапенов өз видеосында порттың табысты жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет ерекше атап өтті. Бұл оның активтің экономикалық құнын көрсетуге тырысқанын аңғартады.

«РЕЙДЕРЛІК» ТУРАЛЫ

Видеодағы ең назар аудартқан тұстың бірі – Қапеновтің рейдерлік туралы айтқаны болды. Ол Bereke Bank төңірегіндегі жағдайды сөз етіп, арыздарының «қоқысқа тасталғанын» мәлімдеді.

Әзірге Қапенов нақты қандай адамдарды немесе құрылымдарды меңзеп отырғанын ашып айтқан жоқ. Алайда оның бұл мәлімдемесі алдағы уақытта жаңа компроматтар не даулы ақпараттар жариялануы мүмкін деген болжамды күшейтті.

Бұл жерде маңызды тағы бір деталь бар: Bereke Bank кейін катарлық Lesha Bank-ке сатылған еді. Сондықтан Қапеновтің мәлімдемесі тек ішкі бизнес дауы емес, халықаралық қаржы құрылымдарына қатысты сұрақтарды да қозғауы ықтимал.

«Рейдерлік туралы, рейдерлікке қатысты арыздардың қалай ескерусіз қалғаны жайлы айтып беремін. Алда көп қызық бар», – деді Қапенов.

ҚАЗАҚСТАН ҚАПЕНОВТЫ НЕ ҮШІН ІЗДЕУДЕ?

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі Азамат Қапеновке халықаралық іздеу жариялаған. Сот оны сырттай қамауға санкция берген.

Тергеу нұсқасы бойынша, «ҚазТемірТранс» компаниясының бұрынғы вице-президенті қызметтік өкілетін пайдаланып, өзіне жақын компанияларға заңсыз артықшылық жасаған. Әңгіме жүк вагондары нарығындағы преференциялар туралы болып отыр.

Ресми мәлімет бойынша, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 5,2 миллиард теңгеден асады.

Сонымен қатар сот Достық станциясындағы Қапеновке қатысты терминалды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарған.

БАӘ ҚАПЕНОВТЫ БОСАТЫП ЖІБЕРГЕН

2025 жылы Қапенов Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталған болатын. Бірақ бір айдан кейін босап шықты. БАӘ тарапы Қазақстанның экстрадиция туралы талабын қанағаттандырмаған.

Ресми ақпарат бойынша, қазақстандық тарап тағылған айыптарды дәлелдейтін жеткілікті құжат ұсына алмаған.

Бұл жағдай қоғамда түрлі пікір туғызды. Бір тарап мұны тергеудің әлсіздігімен байланыстырса, енді бірі халықаралық деңгейде дәлел базасының жеткіліксіз болғанын айтады.

ВИДЕОДАН КЕЙІН НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Әзірге Азамат Қапеновтің мәлімдемесі құқықтық процестерге тікелей әсер ете қоймауы мүмкін. Бірақ ақпараттық тұрғыда бұл – маңызды қадам.

Біріншіден, ол өзін «қашып жүрген адам» емес, бизнесін қорғап жүрген кәсіпкер ретінде көрсетуге тырысты.

Екіншіден, рейдерлік туралы мәлімдеме арқылы саяси-экономикалық астары бар күрделі тартыстың бар екенін аңғартты.

Үшіншіден, Достықтағы стратегиялық инфрақұрылым нысандары төңірегіндегі күрес алдағы уақытта тағы да қоғам назарында болуы мүмкін екенін көрсетті.

КОНТЕКСТ

Азамат Қапенов ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың үлкен қызына үйленген. Оған 2024 жылы халықаралық іздеу жарияланған. Сол уақытта оның Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жасырынып жүргені туралы ақпарат тараған. Қазір оның Дубайда тұратыны айтылады.

«ҚазТемірТранс» АҚ-ға қатысты «тарифті негізсіз көтергені үшін» бас прокуратура 2014 жылы тексеріс бастаған. Бірақ тексеріс сол уақытта тоқтатылған.

Серіктес жаңалықтары