Продюсер «көкесі» зорлаған: полиция желіні шулатқан жігітті күтіп отыр

Ulysmedia
видеодан скриншот

ІІМ бала кезінде зорлық көргенін айтқан Нұрғали Нұғманның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, полиция бұл жайт бойынша тергеуді бастап кеткен.

– Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа біз де жедел назар аудардық. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұған қатысты түсініктеме берді. Тергеу барысында оқиғаға құқықтық-процестік баға беріледі. Қазір тиісті тергеу амалдары басталды, барлық уәж тексеріледі. Қазіргі уақытта арыз иесі Қазақстаннан тыс жерде, Қытайда жүр. Елге оралған соң барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіледі, – деді Әділов.

НҰҒМАННЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Нұрғали Нұғман видеоүндеу жариялап, «Балапан» жобасының продюсері тарапынан жыныстық сипаттағы зорлық көргенін айтқан еді.

Оның айтуынша, оқиға оның актерлік мансабындағы алғашқы қадамдары кезінде болған. Нұғманның сөзінше, видеода өзі «көке» деп атаған ер адам қызметтік жағдайын пайдаланып, оған тележобалардан рөл алуға көмектескен. Кейін өз жұмыс кабинетінде зорлық көрсеткен.

Balapan телеарнасы осы үндеуге қатысты ресми мәлімдеме жасап, арна штатында ер адамдар ешқашан продюсер қызметін атқармағанын хабарлады. Осыдан кейін Нұғман тағы бір видео жариялап, әңгіме мемлекеттік телеарна туралы емес, атауы ұқсас коммерциялық жоба жайлы болғанын нақтылады. Сонымен қатар ол өзіне жасалған зорлық фактісін тағы да растады.

Ашық деккөздерде Нұрғали Нұғман «Еркек» фильміндегі басты рөлі үшін 2016 жылдың қыркүйегінде өткен І республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалінде «Үздік актер» номинациясына ие болғаны айтылады.