Атырауда 7 жасар қыздың үстіне құлаған 200 келі ескерткіш ісі қайта тергеледі

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Атырауда 7 жастағы қыздың қазасына қатысты резонансты іс қайта қаралатын болды. Бұған дейін ескерткіш құлауына кінәлі деп танылып, 1,5 жылға сотталған мүсінші Дмитрий Баймұқашевқа қатысты үкімнің күші жойылып, іс қайта тергеуге жіберілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

200 КЕЛІ ЕСКЕРТКІШ ҚҰЛАДЫ

2024 жылы Атырауда 7 жастағы қыздың үстіне салмағы шамамен 200 келі болатын ескерткіш құлап, бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген еді. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл іс бойынша бүгін апелляциялық сот жаңа шешім шығарды.

Апелляциялық сот облыстық соттың бұрынғы шешімін жойып, істі қайта тергеуге жіберді. Бұл туралы мүсінші Дмитрий Баймұқашевтың әріптестері мәлімдеді.

– Апелляциялық сот облыстық соттың шешімін жойып, істі қайта тергеуге жіберді,– дейді мүсіншінің әріптесі. 

Мүсінші Дмитрий Баймұқашев қазіргі уақытта Ақтауда қоныс-колониясында жазасын өтеп жатыр. Әріптестерінің айтуынша, ол мекемеде электрик болып жұмыс істейді. Оның жаза мерзімі биыл қазан айында аяқталуы тиіс.
Сондай-ақ сот шешімімен тағайындалған өтемақыны төлеп қойған.

БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРҒАН

Бұған дейін сот мүсінші Дмитрий Баймұқашевты кінәлі деп танып, оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарапқа өтемақы төлеуге міндеттелген.

Алайда қорғаушылар мен мүсіншінің әріптестері бұл шешіммен келіспейтіндерін айтып келген. Олардың сөзінше, ескерткіштер 2020 жылы әкімдіктің бастамасымен орнатылған. Бірақ оларды орнату кезінде қажетті техникалық қадағалау жүргізілмеген және ресми рұқсат құжаттары болмаған. Сондай-ақ нысандар қала балансына да енгізілмеген.

Дмитрий Баймұқашев сот барысында пандемия кезінде ескерткішті орнату жұмыстарына өзі қатыспағанын айтқан. Оның сөзінше, монтаж жұмыстарын мердігер компания жүргізген. Бірақ сол компания өкілдері іс бойынша айыпталушы емес, тек куәгер ретінде танылған.

Осы жағдай қоғамда “жауапкершілік неге тек мүсіншіге жүктелді?” деген сауал туғызды. Енді іс қайта тергеліп, оқиғаға қатысты барлық тараптың жауапкершілігі қайта қаралуы мүмкін.