Астанадағы өрт: үш баласынан айырылған ананың жағдайы ауыр

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Астанадағы «Көркем 3» тұрғын үй кешенінің 15-қабатында болған алапат өрттен үш бірдей баласынан айырылған әйел қазір №1 көпбейінді қалалық ауруханада жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Үш баласынан айырылған 39 жастағы Жанаргүлдің жағдайы туралы дәрігерлер ақпарат таратудан бас тартып отыр. Денесінің 50 пайызын күйік шалған келіншек ауруханаға аса ауыр хәлде жеткізілген. Дәрігерлер оны бірден жансақтау бөліміне жатқызып, жеті күннен астам уақыт реанимацияда ұстаған. 

№1 көпбейінді қалалық аурухананың мәліметінше, науқас қазіргі уақытта политравма, эндопротездеу және комбустиология (күйік) бөлімінде ем қабылдап жатыр.

– Науқас есін біледі. Жағдайы орташа ауыр деңгейде, – деп хабарлады аурухана өкілдері.

Терең күйік айлар бойы жазылады. Ол адамға қатты ауырсыну әкеліп қана қоймай, бұлшықет пен сіңірлерге де зақым келтіруі мүмкін. Сол себепті Жанаргүл әзірге әрең қозғалады, сөйлегенде қиналады, тыныс алуы мен ағзаның басқа да маңызды қызметтерінде қиындықтар бар.

Дәрігерлер әйелдің физикалық әрі психологиялық жағдайына қатысты өзге мәліметтерді дәрігерлік құпияға байланысты жарияламады.

ҮШ БАЛАНЫ ЖАЛМАҒАН ӨРТ

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты.

Анасы мен үш бала жанып жатқан пәтерде қамалып қалған. Көршісі қабырғаның арғы жағынан шыққан  дыбысты естіп, өрт сөндірушілерді шақырған.

Құтқарушылар пәтерден үш баланың мәйітін тапты, ал олардың аналары ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілді.

Ulysmedia.kz редакциясына түскен құжатқа сүйенсек,  қаза тапқан балалардың үлкені – Айзере Ұйымхан күзде 12 жасқа толуы тиіс болған.  Ал ортаншы қызы – Айпара Қабылқазықызы қайғылы оқиға болмаса 13 сәуірде 4-ке толар еді. Отбасының кенжесі – Арлан Ұйымхан небәрі 2 жаста болған.

Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сондай-ақ, бұдан бұрын өрт сөндірушілердің аулаға кіруіне кедергі келтірген көлік иесі әкімшілік жауапқа тартылған болатын.