«Бірдеңеге ұшырасам....»: Трамп Вэнске өзі өлген жағдайда ашатын хат қалдырған

Анар Лепесова
фото: ашық дереккөзден

Трамптың өзі «бірдеңеге ұшырап қалуы мүмкін» жағдайға арнап вице-президент Джей Ди Вэнске хат қалдырған. Бұл туралы президент көмекшісінің орынбасары Себастьян Горка «Pod Force One» подкастында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ХАТ

New York Post басылымының жазуынша, Трампқа қастандық жасалған жағдайда биліктің кімге өтетінін реттейтін арнайы тәртіп бар. Ақ үй өкілі «шетелдік қарсыластар» мұндай қадамға барады деп алаңдамайтынын да жеткізген.

«Resolute үстелінің жәшігінде вице-президентке арналған хат жатыр. Егер оған [Трампқа] бірдеңе болса, сол хат ашылады. Бізде барлық хаттама қарастырылған, сеніңіз», — деді Горка.

ТРАМПҚА ҚАСТАНДЫҚ

Соңғы жылдары Трампқа бірнеше мәрте қастандық жасалмақ болған. 2024 жылдың шілдесінде сайлауалды митинг кезінде 20 жастағы Томас Мэттью Крукс сегіз рет оқ атып, Трамптың құлағын жаралаған. Кейін шабуыл жасаған адамды Құпия қызметтің мергендер тобы атып өлтірді.

Сол жылдың күзінде Federal Bureau of Investigation Трамптың Флоридадағы гольф клубында жасалуы мүмкін тағы бір қастандықтың алдын алған. Бұл жолы Трамп зардап шеккен жоқ. Күдікті ретінде 58 жастағы Райан Уэсли Раут ұсталып, 2026 жылдың ақпанында өмір бойына сотталды.

Бұдан бөлек, 25 сәуірде Ақ үй тілшілері қауымдастығы ұйымдастырған кешкі аста да атыс болды. Іс-шара Вашингтондағы Washington Hilton қонақүйінде өткен. Ақ үй бұл оқиғаны мемлекет басшысына жасалған қастандық әрекеті деп бағалады.

Мамыр айында Трамп өзінің «мінсіз мұрагерлері» ретінде Вэнс пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы атаған. Оның айтуынша, бұл екеуі 2028 жылғы президент сайлауында «керемет одақ» құра алады.

«Джей Ди — мінсіз таңдау. Бұл расымен де ең дұрыс шешім болды», — деді Трамп.