«Досыңыз болу – мәртебе»: Трамп Си Цзиньпинмен кездесті

Анар Лепесова
Фото: Alex Wong/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңдегі Халық жиналысы үйіне келіп, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кездесудің тікелей эфирі Ақ үйдің ресми YouTube арнасында көрсетілді.

Америка президенті Тяньаньмэнь алаңындағы Халық жиналысы үйіне келді. Ресми қарсы алу рәсімі екі ел басшысының ұзақ қол алысуымен басталды.

Трампты құрмет қарауылы мен әскери оркестр қарсы алды. Салтанатты рәсімнен кейін екі ел көшбасшысы келіссөзге кірісті.

«Сіздің жаныңызда болу — мен үшін үлкен мәртебе. Сіздің досыңыз болу да — мәртебе. Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да нығая түседі», – деді Трамп Си Цзиньпинге.

ЖАҢА САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕЗЕҢ

Еске салайық, кешке кешке АҚШ президенті Дональд Трамптың ұшағы Бейжіңге қонған

Ақ үй басшысы Қытай астанасына ресми сапармен келді. Әлемдік БАҚ жіті бақылап отырған бұл кездесу тек дипломатиялық протокол емес, Вашингтон мен Бейжің арасындағы жаңа саяси-экономикалық кезеңнің бастамасы ретінде бағаланып отыр.

Сапардың символикалық маңызы оның ұйымдастырылуынан-ақ байқалды. Қытай тарапы америкалық делегацияны жоғары деңгейде қарсы алып, халықаралық баспасөз орталығын алдын ала дайындаған. Бейжіңге АҚШ-тан жүзден астам журналист арнайы барған. Бұл – саммиттің әлемдік медиадағы салмағын көрсететін маңызды белгі. 

ТРАМППЕН БІРГЕ КІМДЕР КЕЛДІ?

Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – Трамптың қасында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бар. Бұл келіссөздердің тек экономикалық емес, геосаяси сипатқа да ие екенін көрсетеді.Сондай-ақ, Ақ үй басшысы ұлы Эрик және келіні Лара Трампты ерте барған. Бұл жолы президенттің жанында бірінші ханым Мелания Трамп болған жоқ.  

Сапар құрамында америкалық ірі бизнес өкілдері де бар. Олардың қатарында кәсіпкер Илон Маск, Apple компаниясының басшысы Тим Кук және NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуанг бар екені айтылуда. Бұл Бейжіңдегі келіссөздерде технология, жасанды интеллект және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері маңызды орын алатынын көрсетеді.