АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңге 18 сағатта ұшып келді. Ол Қытайға АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және келіні Лара Трамппен бірге барған. Бұл жолы президенттің жанында бірінші ханым Мелания Трамп болған жоқ. Ulysmedia.kz Америка президентінің пул журналистері қатарында Бейжіңдегі ресми сапардан ақпарат тарататын болады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай астанасы Бейжіңге ресми сапармен келді. Әлемдік БАҚ жіті бақылап отырған бұл кездесу тек дипломатиялық протокол емес, Вашингтон мен Бейжің арасындағы жаңа саяси-экономикалық кезеңнің бастамасы ретінде бағаланып отыр.
Сапардың символикалық маңызы оның ұйымдастырылуынан-ақ байқалды. Қытай тарапы америкалық делегацияны жоғары деңгейде қарсы алып, халықаралық баспасөз орталығын алдын ала дайындаған. Бейжіңге АҚШ-тан жүзден астам журналист арнайы барған. Бұл – саммиттің әлемдік медиадағы салмағын көрсететін маңызды белгі.
18 САҒАТҚА СОЗЫЛҒАН САПАР
Дональд Трамп 12 мамыр күні Вашингтоннан ұшты. Жергілікті уақыт бойынша сағат 13:46-да Ақ үйдің South Lawn алаңынан шығып, Біріккен Эндрюс әскери базасына барған. Ал сағат 14:00-де президенттің Air Force One ұшағы Қытай бағытына көтерілді.
Ұзақ рейс барысында президент борты Аляскадағы Анкоридж қаласына техникалық жанармай құю үшін қонған. Ұшақ кешкі 20:45-те Аляскаға жетіп, шамамен 22:15-те Бейжіңге қайта ұшып шыққан. Делегация түнді түгелдей ұшақ бортында өткізді.
Вашингтоннан Бейжіңге дейінгі жалпы сапар уақыты шамамен 18 сағатқа созылған. Мұндай ұзақ маршруттың өзі АҚШ президентінің Қытай сапарына қаншалықты саяси мән беріп отырғанын аңғартады.
ТРАМППЕН БІРГЕ КІМДЕР КЕЛДІ?
Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – Трамптың қасында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бар. Бұл келіссөздердің тек экономикалық емес, геосаяси сипатқа да ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар делегация құрамында Лара Трамп та жүр.
Ал АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамптың бұл сапарға қатыспауы америкалық медиада да назар аудартты. Ақ үй бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Сапар құрамында америкалық ірі бизнес өкілдері де бар. Олардың қатарында кәсіпкер Илон Маск, Apple компаниясының басшысы Тим Кук және NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуанг бар екені айтылуда. Бұл Бейжіңдегі келіссөздерде технология, жасанды интеллект және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері маңызды орын алатынын көрсетеді.
КЕЗДЕСУДІҢ МАҢЫЗЫ
Бейжіңдегі келіссөздер әлемдегі ең ірі екі экономиканың қарым-қатынасы шиеленіскен кезеңде өтіп жатыр. Соңғы жылдары АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы, технологиялық санкциялар, Тайвань мәселесі және Indo-Pacific аймағындағы ықпал үшін бәсеке күшейді.
Сондықтан Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі жай дипломатиялық рәсім ғана емес, халықаралық нарықтарға әсер ететін маңызды саяси оқиға ретінде қабылдануда. Сарапшылардың пікірінше, тараптар бірнеше негізгі мәселеге назар аударуы мүмкін. Олардың қатарында әлемдік саудадағы тариф саясаты, америкалық және қытайлық инвестициялар, технологиялық бәсеке, жасанды интеллект пен чип өндірісі, Тайвань мен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздік, Украина мен Таяу Шығысқа қатысты геосаяси жағдай да бар.
ЖАБЫҚ КЕЛІССӨЗ
Ресми бағдарламадан бөлек, Трамп пен Си Цзиньпиннің Чжуннаньхай резиденциясында да кездесуі жоспарланған. Бұл – Қытай басшылығы аса маңызды саяси келіссөздер өткізетін арнайы орын. Мұндай формат әдетте сенімді әрі стратегиялық деңгейдегі диалог белгісі саналады.
Сапар аясында америкалық және қытайлық бизнес өкілдерінің қатысуымен үлкен кездесу ұйымдастырылады. Дональд Трамппен бірге Бейжіңге ірі америкалық кәсіпкерлердің де келуі – экономикалық келісімдердің басты тақырыптардың бірі болатынын көрсетеді.
ӘЛЕМ НЕ КҮТЕДІ?
Бүгінде әлемдік нарықтар АҚШ пен Қытай арасындағы кез келген мәлімдемеге тәуелді. Сондықтан Бейжіңдегі саммиттің қорытындысы тек екі ел үшін емес, жаһандық экономика үшін де маңызды болмақ.
Қазіргі жағдайда Вашингтон мен Бейжің арасындағы қарым-қатынас – әлемдік саясаттың негізгі осьтерінің бірі. Сол себепті Трамптың Қытайға сапары халықаралық қауымдастық үшін жай жаңалық емес, алдағы бірнеше жылдағы геосаяси бағытты айқындауы мүмкін маңызды оқиғаға айналып отыр.