COVID-19 ізімен: хантавирустың өршуіне қатысты байлам айтылды

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

MV Hondius круиз кемесінде хантавирус тарағаннан кекейін көпшілік COVID-19 пандемиясындағы жағдай қайталана ма деп алаңдаулы. Мамандар әлем алаңдаған сұраққа жауап беріп, індеттің өршу мүмкіндігіне баға берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ВИРУСТЫҢ ТАРАЛУ МҮМКІНДІГІ

The Conversation порталының жазуынша,  ғалымдар бұл инфекция қауіпті болғанымен, оның жаппай таралу мүмкіндігі коронавируспен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін айтты.

Andes вирусы — хантавирустар тобына жататын инфекция. Бұл вирусты көбіне кеміргіштер таратады. Адам әдетте ауру жұқтырған жануарлардың зәрі, сілекейі немесе нәжісі кепкеннен кейін ауаға тараған бөлшектерді жұту арқылы инфекция жұқтырады.

Andes вирусының басты ерекшелігі — адамнан адамға жұғуы мүмкін жалғыз белгілі хантавирус болуы. Бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі әрі науқаспен өте жақын қарым-қатынаста болғанда ғана беріледі. Мысалы, отбасы мүшелері арасында, науқасқа күтім жасағанда немесе желдетуі нашар бөлмеде ұзақ уақыт бірге болған кезде жұғуы ықтимал.

Квинсленд университетінің ғылыми қызметкері Рис Парридің айтуынша, Andes вирусының таралуы үшін бірнеше шарт бір уақытта сәйкес келуі керек: адамдардың тым жақын араласуы, тар жерде көп адамның болуы және вирус белгілері байқалған адаммен ұзақ уақыт бірге отыру.

COVID-19 ІНДЕТІНЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Осы жағынан алғанда Andes вирусы COVID-19 пандемиясын туғызған COVID-19 індетінен түбегейлі ерекшеленеді. Коронавирус ауа арқылы тез таралып, адамдар ауру белгілері шықпай тұрып-ақ өзгелерге жұқтыра алған.

Andes вирусының алғашқы белгілері кәдімгі тұмауға ұқсайды: дене қызуы көтеріледі, бас ауырады, әлсіздік байқалады, бұлшық ет сырқырап, жүрек айниды. Бірақ ауыр жағдайда хантавирустық өкпе синдромы дамуы мүмкін. Мұндай кезде өкпеге сұйықтық жиналып, адамның тыныс алуы қиындайды.

Andes вирусынан болатын өлім-жітім деңгейі 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы Америка құрлығында хантавирус жұқтырған 229 адам тіркеліп, оның 59-ы қайтыс болған.

ДДСҰ вирус жұқтыруы мүмкін адамдарды 42 күн бойы бақылауда ұстауды ұсынады. Бұл — инфекцияның ең ұзақ жасырын кезеңі. Алайда бұл адам сол уақыт бойы өзгеге вирус жұқтырады дегенді білдірмейді.

Қазір Andes вирусына қарсы арнайы ем де, вакцина да жоқ. Дәрігерлер тек науқастың тыныс алуын бақылап, асқынудың алдын алуға тырысады.

Соған қарамастан, ғалымдар жаһандық пандемия қаупі өте төмен деп есептейді. Олардың пікірінше, Andes вирусы тым баяу таралады әрі жұғуы үшін ерекше жағдайлар қажет. Сондықтан оның COVID-19 секілді әлемдік індетке айналу ықтималдығы аз.