«Бір-бірімізді түсіну жеңілдейді»: түркі елдері ортақ әліпбиге көше ме?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz

Түркітану ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің аға оқытушысы Халил Четин түркі әлеміне ортақ әліпбидің болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Ғалымның пікірінше, ортақ әліпбиді құрастыру және қолдану — түркі халықтарының интеграциясындағы маңызды тетіктердің бірі.

Халил Четиннің айтуынша, егер барлық түркі халықтары ортақ әліпбиге көшсе, онда бір-бірін түсіну мен өзара ынтымақтастық әлдеқайда жеңіл болар еді.

«Бір-бірімізді түсіну, ғылыми зерттеулер жүргізу және ортақ жобаларды жүзеге асыру бізге әлдеқайда оңай болар еді — мұның бәрі жылдам әрі тиімді дамиды. Сондықтан ортақ әліпби мәселесіне үлкен мән беруіміз керек», – дейді ол.

Маман түркі елдеріндегі осы саланың мамандары, яғни түркі халықтарының өкілдері, бұл мәселені өзара талқылап, барлық мемлекетке ыңғайлы әрі қолайлы болатын ортақ әліпбиді дайындауы қажет деп есептейді,

«Одан кейін, әрине, келесі қадамдарды күтеміз. Кейбір қиындықтар туындауы мүмкін — иә, ондай ықтималдық бар. Бірақ уақыт өте келе олардың бәрі еңсеріледі. Бәрі өзгереді, кейін осы жұмыстың нәтижесін сапалы шығармалар, кітаптар, ғылыми зерттеулер мен бірлескен жобалар арқылы көреміз», — деді ол.

ОРТАҚ ӘЛІПБИ ЖАЙЛЫ ТАЛҚЫ

Еске салайық, ортақ әліпби жайлы тақлының жаңа толқыны КСРО тарағаннан кейін пайда болды. 1991 жылдың қазан айында Ыстанбұлда симпозиум өтіп, онда түркі елдерінің ғалымдары түрік әліпбиі негізінде жасалған, қосымша таңбалары бар 34 әріптен тұратын ортақ латын әліпбиінің жобасын мақұлдаған.

Бұл жоба бүгінге дейін Түркі мемлекеттері ұйымы аясында талқыланып, жетілдіріліп келеді.