Геосаяси жоба немесе әскери одақ емес – Тоқаев Түркі ұйымы жайлы

Ulysmedia
Фото: Ақорда

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде цифрлық технология саласындағы теңсіздік мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 ЕРДОҒАН ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС АЙТТЫ?

– Жасанды интеллектіні мүмкіндік ретінде қарастыру керек. Бірақ технологиялар жаһандық үстемдік құралына айналмауы үшін дұрыс тәсілмен қарау қажет. Біз дамыған және дамушы елдер арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға айрықша назар аударуымыз керек. Бұл біздің ортақ ұстанымымыздың бір бөлігіне айналуы тиіс. Біз ұйымымыздың бақылаушы мемлекеттері де технологиялық дамудың мүмкіндіктерін, соның ішінде БҰҰ тетіктері мен басқа да халықаралық платформалар арқылы пайдалана алғанын қалаймыз, – деді Түркия Президенті.

Оның пайымынша, жасанды интеллектінің дамуымен байланысты жаңа технологиялық сын-қатерлер мен тәуекелдерге мұқият қарау қажет.

– Қазіргі әлемде киберқауіпсіздік құрлықтағы да, теңіздегі де және әуедегі де қауіпсіздік сияқты маңызды. Осыған байланысты біз ұйымымыз аясындағы киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты үйлестіруді жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз, – деді Режеп Тайип Ердоған.

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕР ҰЙЫМЫНЫҢ МАҚСАТЫ

Айта кетейік, саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба немесе әскери ұйым еместігін, ол бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын маңызды алаң екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі.

– Бүгінде біздің ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді. Осы орайда, Қазақстан Ресейдің «Алтай — түркі өркениетінің бесігі» жобасына оң көзқарасын білдірді. Бұған қоса, біз «Алтай — сұхбат алаңы», яғни диалогы форумын құру жөніндегі ұсынысымызды жарияладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, Қазақстан Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын да құптайды.