50 жыл жөнделмеген: аңыздарға арқау болған әйгілі жол ақыры жаңартылды

Ulysmedia
gov.kz

Елімізде 1970 жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген әйгілі Күйік асуы жаңартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МАҢЫЗДЫ ЖОЛ

Күйік асуы – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай халықаралық көлік дәлізіндегі маңызды учаскелердің бірі.  Бұл жол Шымкент пен Таразды байланыстырады. Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарын жалғайтын негізгі бағыттардың құрамына кіреді.

Күйі" асуының жағдайы ұзақ жылдар бойы тұрғындар мен жүргізушілер тарапынан сынға ұшырап келді. Әсіресе, қыс мезгіліндегі қолайсыздықтар мен көлік қозғалысының қиындығы халыққа айтарлықтай мәселе туғызды. Өйткені аталған учаске 1970-жылдары пайдалануға беріліп, содан бері ауқымды жөндеуден өтпеген.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңартылған жолдың ұзындығы – 12,3 шақырым. Жоба аясында 15 су өткізу құбыры салынған. Бұл жолдың маусымдық жауын-шашынға төзімділігін арттырып, суды тиімді шығаруға мүмкіндік береді деп сендірді шенеуніктер. 

АСУДЫҢ АТАУЫ НЕДЕН ШЫҚҚАН?

Жергілікті жұрт Күйік атауының шығуы жөнінде түрлі жорамал айтады. Соның алғашқысы – Есім ханның тұсында болған оқиға. Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылып қалған Есім хан кезекті жорыққа аттанар алдында Тұрсын ханды шақырып алады. Оған отбасы мен ел билігін аманат етеді. Екі жылдай жорықта болып, жеңіс­пен елге оралар сәтте Әулиеатадан 40  шақырымдай жерге таудың осы бөлігінен бір кейуананы кездестіреді. Бажайлап қараса, өзінің анасы екен. Тұрсын хан аманатқа адалдық танытпапты. Есім ханның анасына өзінің бұзауларын бақтырып қойыпты­. Өзінің сеніп тапсырған адамының мұн­дай қылығына әбден күйінген хан «Мы­на бір күйікті-ай» деп ренжіген көріне­ді. Содан кейін жергілікті жұрт таудың осы бөлігін Күйік деп атап кеткен деседі.

Тағы бір болжам ел басына күн туған ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама уақытқа байланысты айтылады. Жаудың қаскөйлігіне әбден наразы болған осы маңдағы ел аталмыш асуды осылайша атап кеткен-міс.

Ендігі бір жорамал жер жағдайына байланысты айтылған. Тас жолдың екі жағындағы жақпар тастар бейне бір күйіп қалған секілді көрінеді. Бұл да басты жорамалдың бірі саналады.