Сайлауда кандидаттың рұқсатынсыз үгіт жүргізгендер жауапқа тартылады

Ulysmedia
ulysmedia.kz

Парламент «Сайлау туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу конституциялық заң жобасын қарап жатыр. Заң жобасына сәйкес, онлайн платформаларға қатысты нормалар енгізілген. Ол бойынша, онлайн платформалар қандай да бір кандидат немесе партия туралы материал жариялау үшін одан жазбаша рұқсат алуы тиіс. Өйтпеген жағдайда 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Заң жобасына байланысты мәжілісте баяндама жасаған премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, заң жобасы сайлау тәртібінің ашықтығын арттыру, сайлау қорларынан тыс қаржыландыруға тыйым салу сияқты нормалар бар.

Заң жобасында онлайн платформаларға қатысты нормалар да бар.

– Аталған Конституциялық заң жобаларының нормаларын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында ілеспе заң жобалары бойынша тоқталсам. Бірінші, онлайн платформаларды пайдалануды және барлық кандидаттар үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуді реттейтін нормалар енгізіді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте онлайн платформаларды, үгіт материалдарын орналастырудан бас тартқан және кандидаттар үшін тең емес жағдайлар жасағаны үшін жеке тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 50АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілік белгіленді, – деді Жұманғарин.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының сөзінше, заң бойынша сайлау алдында онлайн платформалардың иелері Орталық сайлау комиссиясына келіп тіркелуі тиіс. You Tube арнасында жарияланған материалдардың құны қанша екенін көрсетуі керек. Бірақ ол заңда теңсіздік бар. Себебі ол видеоларды бөліскен адамдарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.

– Бір ғана мысал, бір You Tube арна қандай да бір кандидаттан немесе саяси ұйым өкілімен сұхбаттасты. Ол сұхбатты жариялады, Орталық сайлау комиссиясында көрсетілген ресми ақшасы төленді. Бірақ сол сұхбатты басқа бір You Tube арна көшіріп басса немесе үзіндісін әлеуметтік желіге басқа бір онлайн платформаның өкілі жарияласа, ол айтуы мүмкін, «Мен мына кандидатпен немесе саяси ұйыммен қатысым жоқ. Жәй ғана бұлардың ұстанымы ұнап қалды» деп. Оларға жауапкершілік қарастырылмаған. Бұны өкілетті орган өкілдері де растады жұмыс тобында. Енді сұрақ, осы бір теңсіздікті қалай жоямыз? Өйткені кімнің әкімшілік ресурсы бар, кімнің онлайн платформада таныс-тамыры көп, солар көбірек өзінің үгіт-насихатын жүргізуге мүмкіндік алады, қазіргі нормаға сүйенсек, – дейді депутат.

Орталық сайлау комиссиясының өкілі Шавхат Өтемісов басқа онлайн платформада жарияланған материалды тарату арқылы жасырын қолдау көрсету фактілері болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Бірақ, оның сөзінше, заң бойынша, жеке немесе заңды тұлға бір кандидатты қолдау үшін одан жазбаша рұқсат алуы тиіс.

– Қолданыстағы сайлау туралы заңның 20-бабына сәйкес, егер жеке және заңды тұлға бір кандидатты немесе бір партияны қолдайтын болса, үгіт жүргізетін болса оған қатысты, олар міндетті түрде сол кандидаттан немесе сол партиядан келісімін алуы қажет және бұл жазбаша түрде берілуі керек. Егер осындай келісім болмаса, ол заң бұзушылық болып танылады және бұл туралы жауапкершілік заңда қарастырылған, – деді ол.

Қазақстанда азаматтық қоғам тарапынан сайлау туралы заңға сын көп айтылады. Олар заңда шектеулер көп екенін айтады. Жаңа Конституцияға сәйкес, парламент сайлауы тамызда өтуі тиіс.