Әйелінің ата-анасы мен бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев сотта алқабилердің қатысуынан бас тартып, кез келген жазаға дайын екенін мәлімдеді. Айыптау актісі оқылып жатқанда ол журналистерден жүзін жасырмай, күлімдеп отырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі сот залынан.
Сот барысында Сәрсемалиев істі алқабилердің қатысуымен қараудан тергеу кезінде-ақ жазбаша түрде бас тартқанын растады. Бүгін де бұл шешімін қайталап, алқабилер сотын қаламайтынын айтты. Оның адвокаты да бұл ұстанымды қолдады.
Прокурордың мәліметінше, Сарсемәлиев алдымен Нәсіп Өтешқалиеваны, кейін оның жұбайын, яғни қайын атасын өлтірген. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс ас үй пышағымен жасалған, ал мәйіттер кейін үй ауласындағы сарайға көмілген. Екеуі де көп қан жоғалтудан қайтыс болған.
Сәрсемәлиевке бұдан бөлек ұрлық пен алаяқтық айыптары тағылып отыр. Тергеу дерегіне сәйкес, қылмыстан кейін ол марқұмдардың малын сатып, банк карталарындағы ақшаны шешіп алған.
Айыптау актісі оқылған сәтте сотталушы күлімсіреп, басын тік көтеріп отырды және журналистерден жүзін жасырмады.
Сотта ол қылмысқа әйелінің туыстарымен арадағы жанжал себеп болғанын айтты.
– Барлық қылмыстың басты себебі – отбасыммен ажырастыруға жасалған әрекеттеріне қасақана қастандықпен жауап бердім. Әйеліммен 10 жыл тату тұрдық. Әу бастан арамызда келіспеушілік болғанда бес балам болмаушы еді. 10 жыл бірге тұрмаушы едік. Әйелімнің үй-іші отбасыма шектен тыс, жөн-жосықсыз араласып, әйеліммен ажырастырды. Сонда да бөлінгіміз келмей бірге тұра бердік. Қайта-қайта қоқан-лоқы көрсетіп, отбасыма араласуларын тоқтатқан жоқ. Әйелімді менен тартып алып, бес баламды саған да, әке шешеңе де жоқ деп сағындырып, өз балаларыммен бопсалау арқылы осы қылмысқа итермеледі. Адам төзгісіз ар-намысыма тиді. Мен соңғы уақытқа дейін отбасымды толық сақтап қалуға әрекеттер жасадым. Балаларымды анасынан да, әкесінен де, кішкентай кезінен бағып өсірген әжесінен де айырғым келген жоқ. Соңғы сәтте отбасымды сақтап қаламын деген барлық айла-тәсілім таусылып, шаршадым. Тіпті олардың іс-әрекеттері, сөзі мені ақылымнан алжастырып, жүйкемді жұқартып, адами болмысымды күйретіп жіберді. Сондықтан осындай қылмысқа бардым», – деді сотталушы.
Сәрсемәлиевке бірден бірнеше эпизод бойынша айып тағылып отыр:
Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.
Бұдан бұрын Сәрсемәлиев кінәсін толық мойындаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, күйеу бала қайын атасы, қайын енесі және олардың балаларын өлтіргеннен кейін отбасының малын сатып, банк карталарындағы ақшаны шешіп алған. Кейін сол қаражатпен шетелге қашуға әрекеттенген.
Ал әйеліне келсек, бұдан бұрын облыстық прокуратура Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасы мен бауырларының өліміне қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Алайда әйелге қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Қазір қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс қаралып жатыр. Құқық қорғау органдары Мұқанғалиеваға жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысын күтіп отыр. Соның нәтижесінде оның қанды оқиға жайлы біле тұра үндемегені үшін қандай жазаға тартылатыны белгілі болады.
Еске салайық, Атырау облысы Женгелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасы 2025 жылдың желтоқсан айының соңында із-түзсіз жоғалып кеткен.
Кейін 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның денелері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық құрылысының астынан табылды.
Сәрсемәлиев пен оның әйелі халықаралық іздеуге жарияланып, 2026 жылдың ақпанында Бали аралында ұсталған. Қазақстанға экстрадицияланғаннан кейін Сәрсемәлиев Қарабалиндердің ұлы мен қызының мәйіттері жасырылған орынды өзі көрсеткен. Олардың сүйектері Атырау маңындағы жалдамалы үйдің ауласынан табылды.