Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекке қолданылып келген нөлдік ҚҚС жойылуы мүмкін. Билік денсаулық сақтау саласына бірыңғай салық мөлшерлемесін енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САЛЫҚ ӨСЕДІ
Үкімет мәліметінше, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге қатысты салық режимін өзгерту мәселесі салық реформасы жөніндегі жобалық кеңсенің кезекті отырысында талқыланған. Жиынға қатысқандар дәрі-дәрмекке бірыңғай ҚҚС енгізу қажет деген ортақ пікірге келгенімен, оның нақты көлемі әзірге анықталмаған.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа ҚҚС мөлшерлемесінің ықтимал нұсқаларын және оның фармацевтика саласына әсерін есептеуді тапсырды.
— Жеңілдетілген және салықтан босатылған режимдердің қатар жүруі салықты әкімшілендіруді қиындатады, — делінген үкімет хабарламасында.
ҚАЗІРГІ ҚҚС
Қазір Қазақстанда 1 қаңтардан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға 5 пайыздық төмендетілген ҚҚС қолданылады. 2027 жылдан бастап оны 10 пайызға дейін көтеру жоспарланған. Ал ТМККК мен МӘМС аясында берілетін дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер әзірге салықтан босатылған.
Бұдан бұрын қазақстандық әйелдер Ұлттық экономика министрлігіне әйелдердің жеке гигиена құралдарын ҚҚС-тан босатуды сұрап петиция жолдады. Олар күнделікті қажет тауарларға салынатын салық олардың қолжетімділігін төмендетіп жатқанын айтқан.