Путин Бейжіңге шықпас бұрын Қытай халқына үндеу жасады

Анар Лепесова
ria.ru

Ресей президенті Владимир Путин Бейжіңге сапары алдында Ресей мен Қытай арасындағы тығыз ынтымақтастыққа тоқталды. Ол ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Ресеймен ұзақмерзімді әріптестікке ұмтылысын жоғары бағалайтынын айтты, Ulysmedia.kz.

“КӨПТЕН БЕРГІ ДОСЫМ”

Ресей президенті Владимир Путин Қытай азаматтарына видеоуүндеу жолдады. Үндеуді Кремльдің баспасөз қызметі жариялады.

«Құрметті қытайлық достар, сіздерге сәлем жолдаймын. Көп жылдан бергі  досым, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Бейжіңге тағы бір мәрте барғалы отырғаныма қуаныштымын», – деді Путин.

Президент екі ел өкілдерінің тұрақты түрде өзара сапар алмасуының маңызын атап өтіп, Мәскеу мен Бейжің арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге 25 жыл толғанын еске салды.

Путин Си Цзиньпиннің Ресеймен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға бағытталған ұстанымын жоғары бағалайтынын айтты.

«Си Цзиньпин төрағаның Ресеймен ұзақмерзімді әріптестікке деген ниетін шын көңілмен бағалаймын. Біздің достық қарым-қатынасымыз болашаққа арналған батыл жоспарларды жасап, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп есептеймін», – деді Ресей басшысы.

Владимир Путин Ресей мен Қытай арасындағы тауар айналымы 200 миллиард доллардан асқанын айтып, есеп айырысудың басым бөлігі рубль мен юань арқылы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Ресей мен Қытайдың стратегиялық серіктестігі әлемдік аренада тұрақтандырушы маңызды рөл атқарады. Біз ешкімге қарсы достасып отырған жоқпыз, бейбітшілік пен ортақ өркендеу жолында жұмыс істеп келеміз», – деді Путин.

ПУТИН БЕЙЖІҢГЕ КІМДЕРДІ ЕРТІП БАРАДЫ?

Ресей президентінің Қытайға сапары 19-20 мамыр аралығында өтеді. Мемлекет басшысы ҚХР төрағасымен келіссөз жүргізбек. Кездесу қорытындысында Ресей мен Қытай жан-жақты серіктестік пен стратегиялық ықпалдастықты одан әрі нығайту жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қоюды жоспарлап отыр.

Келіссөздерден кейін шамамен 40 құжат қабылданады деп күтіледі. Оның ішінде 21 құжатқа Путин мен Си Цзиньпин тікелей қол қояды.

Владимир Путинмен бірге Қытайға Ресей үкіметінің бес вице-премьері – Денис Мантуров, Татьяна Голикова, Александр Новак, Юрий Трутнев және Дмитрий Чернышенко барады. Сондай-ақ делегация құрамында сыртқы істер министрі Сергей Лавров, қаржы министрі Антон Силуанов, экономикалық даму министрі Максим Решетников, ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут, Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллина, өңір басшылары, «ВЭБ.РФ», «Росатом», «Роскосмос» мемлекеттік корпорацияларының жетекшілері, банк, ірі бизнес және БАҚ өкілдері болады.