Атышулы ресейлік блогерді жарнамаға тартқан кәсіпкер ел алдына шықты

Анар Лепесова
әлеуметтік желіден

Қазақстандық Sen Sulu косметика брендінің негізін қалаушы Айнұр Қабелдинова жарнамаға неге атышулы ресейлік блогер Валя Карнавалды тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШЕТЕЛДІК НАРЫҚҚА ҰМТЫЛЫС

Кәсіпкер тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де бәсекеге қабілетті болуды мақсат еткендерін айтып ақталды.

“Біз ешбір жағдайда өз болмысымызды жоғалтқымыз келмейді. Керісінше, біз туралы мықты қазақстандық бренд ретінде айтылғанын қалаймыз. Біз тек өз елімізде ғана емес, ТМД елдерінде де бәсекеге қабілетті болуды мақсат етеміз. Қазіргі таңда еуропалық нарыққа шығу біз үшін оңай емес, сондықтан ең алдымен жақын нарықтардан бастауды жөн көрдік”, – деді ол. 

НЕГЕ ВАЛЯ КАРНАВАЛ?

Қабелдинова жарнамаға ресейлік блогерді тартуы қателік болғанын мойындады.

“Басқа нарықтарға шығу - Қазақстанды немесе өз тұтынушыларымызды ұмыту дегенді білдірмейді. Мүлде олай емес. Керісінше, біз еліміз туралы жақсы пікір қалыптасып, брендіміз жайлы жағымды көзқарас болғанын қалаймыз. Артист таңдағанда біз тек нақты деректер мен фактілерге сүйендік. Енді тек фактілерге ғана емес, эмоция мен халықтың сезіміне де мән беру қажет екенін түсіндік. Бұдан былай біз тек аналитикаға емес, өз комьюнитиміздің пікіріне де назар аударатын боламыз”, – деді кәсіпкер.

Еске салайық, қазақстандық SenSulu косметика бренді ресейлік блогер Валя Карнавалмен түсірілген жарнамадан кейін сынға іліккен. Компания блогерді брендтің амбассадоры ретінде таныстырған. Алайда бренд өкілдерінің бұл шешімін қазақстандықтарға құптай қоймады.

Пікірлерде былтыр Қазақстанда өткен түсірілім кезіндегі дау қайта еске алынды. Ол кезде әлеуметтік желілерде блогердің түсірілім алаңында қазақ тіліне байланысты жанжал шығарғаны туралы расталмаған ақпарат тараған еді.

Валя Карнавал бұл айыптауларды жоққа шығарған болатын. Оның айтуынша, тараған мәлімет шындыққа жанаспайды және ол Қазақстан мен оның халқына құрметпен қарайды.

Бұл жолы да желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.

ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР

Кейбірі қазақстандық бренд бұған дейін аты дауға іліккен адамды амбассадор етпеуі керек еді деп есептейді.

«Осындай үлкен даудан кейін оны SenSulu-дың бет-бейнесі ету — кринж. Бір жыл өтсе де, әлі ақталып жүр», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Ал енді біреулері өткен жылғы айыптаулар нақты дәлелденбегенін айтып, брендке бойкот жариялауға негіз жоқ деп санайды.

«Әлемдік жұлдыздар брендтердің амбассадоры ұлтына не паспортына қарамай таңдалады», – деп пікір білдірді қазақстандық қолданушылардың бірі.