16 жасқа дейінгілердің желіге кіруіне тыйым: шектеу қашан және қалай енгізіледі?

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Елімізде 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қашан және қалай енгізіледі? Бұл сауалға Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТАЛҚЫ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЕНШІСІНЕ ҚАЛАДЫ

Вице-министрдің сөзінше, министрлік заңға балалардың онлайн-платформаларға қолжетімділігін шектеуге қатысты түзетулер дайындаған. Атап айтқанда, 16 жасқа дейінгі балалардың тіркелуіне шектеу қою қарастырылған. Алайда оның нақты тетіктері белгіленбепті.

«Қазір біз бұл норманы заңға енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Құжат мемлекеттік органдармен талқылану кезеңінде. Заң жобасы парламентке әлі түскен жоқ. Сонымен қатар пакетке онлайн-коучтар мен психологтардың қызметіне қатысты реттеуші нормалар да енгізілген. Бірақ әзірге егжей-тегжейін айтуға ерте, өйткені құжат қазір мемлекеттік органдар арасында келісіліп жатыр. Енді бұл нормалар жаңа Құрылтай алаңында талқыланады», - деді Кочетов.

Министрдің орынбасары шектеу ерте ме, кеш пе енгізілетініне сенімді.

«Біз бұл мәселені алғаш көтерген кезде мұндай шараны тек Австралия қолданған еді. Қазір Еуропаның бес елі осы бағыттағы заңнаманы қарастырып жатыр. Жалпы, Еуропарламент те мұндай нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуді ұсынған. Сондықтан біз бұл талаптың қажет екеніне сенімдіміз. Мұндай ұстанымды тек Қазақстан емес, осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатқан дамыған елдер де қолдап отыр», — деді ол.

ШЕКТЕУ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Евгений Кочетов дәл 16 жас шегінің таңдалуы министрліктің бастамасы екенін атап өтті.

«Негізі, көптеген онлайн-платформалардың өз ішінде кәмелетке толмағандарды шектеуге арналған алгоритмдері бұрыннан бар. Мысалы, бала сіздің аккаунтыңыз арқылы TikTok-қа кірсе де, жүйе балаларға арналған контентті анықтап, шектеу қоюы мүмкін. Бұл тетіктер мінсіз жұмыс істейді деп айта алмаймын, қателіктер де болады. Бірақ біз дәл қазір 16 жасқа дейінгі балалар туралы айтып отырмыз. Тағы бір маңызды жайт — сөз әлеуметтік желілердегі жаңа аккаунттарды тіркеу туралы болып отыр», — деп түсіндірді ол.

Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан басқа елдердің тәжірибесін зерттеп жатыр.

«Мысалы, Австралия тәжірибесі күткен нәтижеге толық жете алмады. Өйткені олар тіркелу кезінде жеке деректерді міндетті түрде растау талабын енгізбеді. Яғни құжат тексерілмеді, тек адамның жүзін сәйкестендіру арқылы оның бала екені анықталды. Бұл механизм тиімді болмады, кейін балалар ата-анасының аккаунттарын пайдалана бастады. Соның салдарынан көзделген мақсат толық орындалмады», — деді Кочетов.

Ол Қазақстан қандай нақты қай жолды таңдайтыны алдағы уақытта шешілетінін айтты.

АВСТРАЛИЯ – ТЫЙЫМ ЕНГІЗГЕН ТҰҢҒЫШ ЕЛ

Австралия – 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына тыйым салған әлемдегі алғашқы ел. Елде 2025 жылдың 10 желтоқсанынан бастап күшіне енген жаңа заңға сәйкес, әлемдегі ең ірі он платформаға кәмелетке толмағандардың аккаунттарын бұғаттау міндеттелді. Талап орындалмаған жағдайда компанияларға 33 млн АҚШ долларына дейін айыппұл салынады.

Бұл бастама ірі технологиялық компаниялар мен сөз бостандығын қорғаушылар тарапынан сынға ұшырағанымен, ата-аналар мен бала құқықтарын қорғаушылар оны қолдады. Тыйым Австралияда кең қолдау тапты: YouGov сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 77 пайызы осы заңның қабылдануын құптаған. Алайда жыл басынан бергі нәтижелер заңның өз мақсатына жетпегенін көрсетіп отыр. Сарапшылар, бұған платформалардың қолданушыдан айырылуға құлықсыздығы және ата-аналар жауапкершілігінің аздығы себеп болғанын айтады.