Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстанда вице-президент қызметін әйел адам атқара алатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құспанның сөзінше, вице-президентке министрлердегідей нақты мамандық бойынша талап қойылмайды.
– Вице-президент немесе президент үшін белгілі бір мамандық талабы қарастырылмаған. Мұндай талаптар әдетте салалық қызметтерге қатысты болады. Мысалы, әділет министрі заңгер болуы керек. Ал вице-президентке мұндай шарт жоқ, – деді депутат.
Сондай-ақ ол бұл қызметті әйел адам да атқара алатынын айтты. Ал Дариға Назарбаеваның ықтимал тағайындалуы туралы қауесетке пікір білдіргенде, экс-президенттің қызын бұл лауазымға лайық кандидат деп санамайтынын жеткізді.
– Әлеуметтік желіде түрлі әңгіме айтылады, бұл қалыпты нәрсе. Сөз бостандығы бар, адамдар пікір алмасады. Сондықтан мұндай қауесетті растап не жоққа шығарудың мәні жоқ. Жеке өзімде бұл кандидатура бойынша ешқандай ақпарат жоқ. Шынымды айтсам, мен оны бұл қызметке лайық деп есептемеймін, – деді Құспан.
Еске салайық, бүгін парламент «Президент туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдап, Қазақстанда ресми түрде вице-президент қызметін енгізді. Заң 1 шілдеден бастап жаңа Конституциямен бірге күшіне енеді.
Контекст
Дариға Назарбаева соңғы жылдары көпшілік алдына сирек шығып жүр. 2020 жылы сенат спикері қызметінен кеткеннен кейін және 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан соң саясаттан мүлде көрінбей кетті.
Бірнеше ай бұрын блогер Әлішер Елікбаев оның Астана мен Алматы арасындағы жолаушылар рейсінде бизнес-класпен ұшып бара жатқанын көргенін айтқан. Назарбаевамен бірге күзетші болған.
Бұған дейін саясаттанушы Арсен Сәрсеков Нұрсұлтан Назарбаев мен Владимир Путин Кремльдегі жабық кездесуінде Дариға Назарбаева тақырыбы талқылануы мүмкін деген пікір білдірген. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.